Депутат министрліктің бизнеске қысым көрсететін бұйрықтарын жоюды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Ұлттық экономика министрлігі қабылдаған кейбір нормативтік-құқықтық актілердің бизнеске қысым көрсетіп отырғанын мәлімдеп, вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдады.

Болатбек Нажметдинулы
Фото: скрин из видео

Депутаттың айтуынша, Конституциялық заңның 22 және 24-баптарына сәйкес, депутаттар заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Ал Кәсіпкерлік кодекстің 65-3-бабында әрбір жаңа міндетті талап тек екі ескі норманы алып тастағаннан кейін ғана енгізілуі тиіс деп көрсетілген.

«Алайда №353 бұйрықтың жаңа редакциясы (оған енгізілген №239 және №251 бұйрықтар арқылы) осы қағидаттарды бұзды. Қатаң шектеулер енгізілгенімен, бұрынғы нормалар жойылған жоқ. Мәселен, рұқсаттар белгілі бір көлікке қатаң бекітілді, ал тасымалдаушылар жылына алтыдан артық бланкті қайтара алмайды. Бұл бизнеске орны толмас зиян келтіріп отыр», – деді депутат өз сауалында.

Оның сөзінше, аталған өзгерістер қысқа мерзімде келісіліп, реттеушілік ықпалға талдау (АРВ) сүзгісінен өтпеуі тиіс еді. «Регуляторлық гильотина» қағидаты бойынша бұл нормалар қабылданбауы қажет болатын.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жүздеген заңдар артық түзетулермен шамадан тыс жүктелген. Олар бір-біріне қайшы келіп, инвесторларды да, бизнесті де тежейді. Бұл жағдайда Ұлттық экономика министрлігінің кейбір бұйрықтары дәл осындай жағдайға әкелді. Бизнеске қорған болудың орнына, әкімшілік қысымды күшейтіп, регуляторлық реформаның беделін түсірді», – деді Мәжіліс депутаты.

Осыған байланысты Болатбек Нәжметдинұлы мынадай талаптар қойды:

– Реттеушілік ықпалға талдау департаментінің және оның лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне баға беру;
– №239 және №251 бұйрықтарға қатысты реттеушілік ықпалға талдау қорытындысын қайта қарау;
– аталған бұйрықтардың күшін жою;
– Реттеушілік ықпалға талдау рәсіміне қатысты тәсілді қайта қарастырып, салалық органдар бастамаларының формалды түрде келісілмеуін қамтамасыз ету.

Айта кетейік, Президент кәсіпкерлікке кедергі келтіретін мәселелерді жоюды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар