Депутат О. Өксікбаев «ҚазАгро» холдингінің депозиттерге орналастырған қаражатына күдік келтірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» холдингінің депозиттерге орналастырған қаражаты біреудің қалтасына кетіп жатқан жоқ па? Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау барысында депутат Омархан Өксікбаев осы мәселені көтерді.

«2013-2014 жылдары «ҚазАгро» холдингі халықаралық купонды облигация шығарып, 4 млрд теңге қаражат тартқан. Сол қаражаттың 806 млн. доллары әртүрлі банктерге депозиттерге салыныпты. Бұл купондар шыққанда сыйақы ставкасы 4,25 пайыз болған екен. Ал холдинг 384,5 млн. долларын төрт банкке 3,5 пайыздық ставкамен салған. Жобамен санағанда осы депозитке салынған уақытта «ҚазАгро» 4 млн. доллар зиян шекті. Бұны қалай түсінеміз? Неге облигацияның құнынан төмен ставкамен банкке депозитке қаражат саламыз? Бұнда не гәп бар?» - деді О. Өксікбаев. Оның айтуынша, былтырғы жылы «ҚазАгро» холдингі 96 млн. теңге зиян шеккен. «Бұның себебі осындай күмәнді операцияларда жатқан жоқ па?!» деді депутат.

Өз кезегінде «ҚазАгро» холдингінің басшысы екі миллиард доллар сыртқы нарықтан қаражат тартылғанын, оның барлығы қаржылық сауықтыруға жолданғанын атап өтті. «Сіз айтып отырған банктердегі 3,5 пайыз бұл уақытша орналастыру еді. Дәл қазіргі таңда қаражаттар он пайызға сауықтыру бағдарламасына берілген», - деді «ҚазАгро» өкілі. Оның айтуынша,  холдингтің былтырғы жылғы шеккен 96 млн. теңге зияны негізінен теңге бағамының өзгерістеріне қатысты болып табылады. «Теңгеге қатысты өзгерістерді қоспағанда, холдингтің операциялық қызметі табысты аяқталды», - деді ол.

Алайда, депутат Омархан Өксікбаев бұл мәселеге келіспеді. Оның айтуына қарағанда,  «ҚазАгро» холдингі 2014 жылдың наурызынан 2015 наурызына дейін 268 млн. долларды 3,2 пайыздық депозитке салған. «Бұл қысқа мерзім емес. Мен сосын айтып отырмын. Болжаммен санағанда төрт миллион доллар жапа шеккен. Ал әрқайсысын санайтын болсақ, бұл одан да көп болуы мүмкін. Бұл қаражат біреудің қалтасына кеткен жоқ па деген қаупім бар», - деді О. Өксікбаев. 

Соңғы жаңалықтар