Депутат ОҚО-ның қаржы полициясын «майшабақтарды аулауда» деп айыптады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты қаржы полициясын тек қана ұсақ-түйек қылмыстарды ашып, «майшабақтарды аулауда» деп айыптады. Бұл туралы мәслихат депутаты және «Нұр Отан» партиясының шымкенттік филиалының жетекшісі Өмірзақ Меделханов брифинг барысында айтты.
None
None

Оның айтуынша, осыдан бір жыл бұрын ірі шенеуніктерге қатысты қозғалған істердің «тағдыры» әлі белгісіз болып отыр.

«4,5 млрд. теңгені жымқырған Орманшина (А. Орманшина - ОҚО әкімдігінің Құрылыс басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары) бастапқыда тергеуге алынды. Одан соң іс тоқтатылып, екі айдан соң ол ізін суытты. Енді оған іздеу жарияланды. Бұл қаржы полициясы ол адамды қасақана немесе кездейсоқ жіберіп алғанын көрсетеді. 10 мың теңге үшін қажытып жіберуге дейін барады, тіпті, инфаркт алуға болады», - деді Ө.Меделханов.

Сондай-ақ, ол соңғы уақытта қаржы полициясының ақпаратында 10 000 - 30 000 теңге көлемінде пара алған мектеп директорлары, санитарлық дәрігерлер мен сот орындаушылары көптеп кездесетінін айтты. Бұған қоса, халық қалаулысы қаржы полициясының арандатушылық әдісті қолданып жұмыс істеуін де сынға алды.

Ал қаржы полициясы болса, депутаттың бұл айыптарын жоққа шығарып, олар үшін жемқорлық қылмыстың өлшемі жоқ деп отыр.

«Қылмысты ірі немесе ұсақ деп бөлуге болмайды. Оларға көз жұмып қарай алмаймыз. Біздің міндетіміз - тергеу. Сондай-ақ жемқорлықпен күресті пара бермей, арандатушылық әрекеттерге жауап қатпай, әркім өзінен бастау керек», - деді брифинг барысында ОҚО-ның қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Серікхан Мырзалы.

Серікхан Мырзалының мәлім етуінше, қаржы полицейлері пара алмайды. Атап айтқанда, ол өткен жылы және биылғы жылдың басынан бері өз әріптестеріне қатысты бірде-бір қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеді. Белгілі болғандай, аталған аралықта аймақ бойынша жемқорлық қылмысына қатысты 1600 қылмыстық іс қозғалып, мемлекет қазынасына 5 млрд.теңге қайтарылған екен.

Соңғы жаңалықтар