Депутат С. Әйімбетов: Ауылдықтармен кездескенімді елдегі жастар да, қариялар да жақсы көреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірлерден оралды. Елдің барлық аймақтарында болған парламентшілер осы сапары барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын түсіндіру және насихаттау бағытында бірқатар кездесулер өткізді. Өңірлердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
None
None

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов біздің тілшімізге берген сұхбатында өңірлердің дамуы, тұрғындардың жай-күйі туралы әңгімелеп берді.

- Сейітсұлтан Сүлейменұлы, Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау және халықпен пікір алмасу мақсатында қай өңірге барып келдіңіз? Кездесулерде қандай мәселелер қозғалды?

- Қызылорда облысына барып, сайлаушылармен кездесіп келіп отырмын. Ол өңірге бармағаныма біраз болып еді. «Нұр Отан» партиясынан сайланған үш депутат бірге бардық. Менімен бірге барған әріптестерім - Құттықожа Ыдырысов және Бақытбек Смағұл. «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалы бәрімізді бірге жүрсін деп жоспар жасап қойған екен. Мен филиалдың жетекшісіне: «Әрі тиімді болуы үшін, әрі облыстың барлық аудандарын қамту үшін бізді үшке бөліңіз. Қай ауданға баратынымызды өздеріңіз шешіңіздер»,- дедім. Сонымен мен Жаңақорған мен Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында кездесулер өткізетін болдым.

- Екі әріптесіңіз қай аудандарға бөлінді?

- Біз үшеуміз облыстың барлық аудандарын қамтыдық. Өңірде барлығы жеті аудан бар. Екі әріптесім қалған бес ауданда болды.

Менің біраз жылғы тәжірибем бойынша өзім тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық елді мекендерге де барып, кездесулер өткіземін. Осы жолы да солай істедім. Ауылдықтармен кездескенімді елдегі жастар да, қариялар да жақсы көреді. Ал ауданда кездесу өткізсек, тек әкімшілік қызметкерлерін, мұғалімдер мен дәрігерлерді жинап алады. Алыс ауылдың тұрғындары келе алмайды. Ауылдың адамдары бармай кетсең, «Ауданда болып, бізге келмей кетті» деп ренжитіні анық. Мәселен, өткен жолы бір алыстағы ауылға барғанымда бір адам: «Облыстық мәслихат депутатын, облыс басшылығын көрмейміз. Сіздің Мәжілістен бізге келгеніңізге рақмет айтамыз. Тірі депутатты бірінші рет көріп тұрмыз» деген болатын.

Осы жолғы сапарымда, мысалы, Жаңақорған ауданының төрт елді мекенінде болдым. Атап айтқанда, Сунақ ата, Қожамберді, Төменарық және Қыраш ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізілді. Тұрғындармен жүздесіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, өңірдегі атқарылып жатқан істермен таныстым. Мектеп, шағын кәсіпкерлік ұжымдарында болдым. Екі ауданның орталығында да тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткіздім.

- Қызылорда қаласында қандай нысандарда болдыңыз?

- Қалаға келген соң, «Smart Rubber» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарамсыз шинаны өңдеу зауытының жұмысымен таныстым. Онда еңбек ұжымының жетістіктері және басқа да мәселелер сөз болды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі өңірлік орталықта болып, олардың қызметіне назар аударып, сонда біліктілігін арттырып жатқан тыңдаушылармен пікір алмастым.

Сонымен қатар қаладағы «Азов Арал Агромаш» бірлескен кәсіпорнының жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл кәсіпорын Беларусь елімен бірлесіп құрылған. Ол өндіріс орнында трактор құрастырады және комбайнның дестелегіш құрылғысын шығарады. Одан кейін «Абзал и К» деген өндіріс орнында болдым. Ол күрішті өңдеу ісімен айналысатын зауыт. Өткен жылы барғанымда зауыт ғимараты салынып жатты, әлі бітпеген еді. Бұл жолы барып көргенімде, іске қосылыпты, өндіріс орнында қызу жұмыс жүріп жатыр екен. Күрішті тазартып, тұтынушыларға тиімді болуы үшін бес килограммдық, он килограммдық, жиырма килограммдық және елу келілік қаптарға салып жатыр. Технологиясы жақсы, сапасы жоғары. Осы «Абзал и К» деген компания жақында ғана Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған Абзал Ерәлиевтің ашқан кәсіпорны. Жұмыстарының бәрі жолға қойылған. Көңілге қонымды істерімен қуантып отыр. Зауыт жұмысшыларымен өткен кездесу де мағыналы болды. Өйткені олар да жақсы өндіріс орнында істеп жатқандарын мақтан тұтады. Елдің болашағына сенімді. Елбасының Жолдауын қолдап отыр.

- Халықтың көңіл-күйі қалай екен?

- Тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі. Кейбір ақсақалдар: «Елбасының Жолдауын сізден артық білмесек, кем білмейміз» деп айтып жатыр. Өз пікірлерін қосып, ұсыныстарын айтты. Кездесулер мазмұнды өтті. Қазір ауылдық жерлерде де жағдайдың жақсарғанын байқап келдік. Мысалы, бұрынырақ, 2007 жылдары кездесулерде айтатын сұрақтарды қазір қоймайды. Бұл күндері кең ауқымды мәселелер көтереді. Қазір ауылдық жердің өзінде көше жөндеу жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Көшелерге асфальт төселуде. Ал енді мектептер, дәрігерлік пункттер халық сұранысын қамтамасыз етіп тұр. Жаңадан салынған мектептер де аз емес. Сондай бірнеше мектепте болдым. Таза ауыз су мәселесі де шешімін тауыпты. Тіпті кейбір ауылдарда ақсақалдар: «Мына көшелерге асфальт төселді, ол жақсы әрине. Енді жаяу адамдар үшін тротуар салып беруге ықпал етіңіздер» деп мәселе қойып жатыр. Бұдан елдің, ауылдық жерлердің дамып келе жатқанын көреміз.

Енді бір тұрғын өз сөзінде: «Қазір біздерге анау керек, мынау керек деп көп мәселе айтуға болады. Бірақ та біз алдағы таяу жылдары қандай деңгейге жететінімізді біліп отырмыз. Осыдан төрт-бес жыл бұрын «ананы іске асырамыз, мынаны саламыз» деген жоспарлар жасалып еді, соның бәрі жүзеге асқанына куә болдық. Сондықтан да қазір қолымыз жетпей отырған кейбір істердің биыл болмаса, келер жылы орындалатынына сенімдіміз»,- деді.

Халықтың риза көңілін көрдік. Әрине, Елбасымызға риза. Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында бірден-бірге елдің жағдайы жақсарып келеді.

Қазақстанның бүгінгі жетістігі Елбасының сарабдал саясатының арқасы болса, екіншіден, халықтың ауызбіршілігінің арқасы.

- Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы туралы тұрғындармен пікір алмасқанда, қандай мәселелерге тоқталдыңыз?

- Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің 2050 жылға дейінгі даму жолын айқындайтын стратегиялық құжат екенін айттым. Президент еліміздің әлемдегі дамыған 30 елінің қатарына ену жоспарын ұсынды. Біз үшін алдағы 15-17 жыл Қазақстанның кең ауқымды серпіліс жасауы үшін «мүмкіндіктер кезеңі» болмақ. Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі - инновациялық индустрияландыру трендін күшейту. Бұл үшін Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығын әзірлеуді тапсырып, индустрияландыру басымдықтарының санын шектеу қажеттілігін атап өтті.

Жолдаудың тағы бір маңызды бөлігі шағын және орта бизнесті қолдау болып табылады. Ең бастысы, біз экономиканың тұрақты өсуін, оны инновациялық жолға салуды сонымен байланыстырып отырмыз.

Президент 2050 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің кемінде 50 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі болады деп атап өтті, ал қазір оның үлесі 20 пайыз болып отыр. Жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмайды. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші 4,5 есе, яғни 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін өседі. Бізде 800 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі болса, оларда 2,4 млн. қазақстандық жұмыс істейді. Осы сектордың өнім көлемі 4 жылда 1,6 есе өсіп, 8,3 млрд. теңгеден асты. Президент бұл үрдісті дамытуымыз қажет, өйткені шағын және орта бизнес - бұл біздің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі деп атап өтті.

Президенттің технологиялық парктер жұмысын жандандыру, венчурлық қаржыландыру бойынша заңнаманы жетілдіру, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі тапсырмалары да маңызды болып табылады.

- Енді бір мәселе. Сіздердің өңірлерге барған осы сапарларыңыз теңге бағамының долларға шаққандағы өзгеруімен тұспа-тұс келді. Осы оқиғаны тұрғындар қалай қабылдап жатыр? Қаржыгер ретінде қандай түсінік бердіңіз?

- Иә, кездесулерде тұрғындар теңге бағамының өзгеруіне қатысты да сұрақтар қойды. Мен өз сөзімде еліміз ашық, демократиялық ел екенін, өзімізбен өзіміз қалып, жабық ел болып отырмайтынымызды айттым. Біз жаһандық экономикамен тығыз байланыстамыз, әлем елдерімен араласып жатырмыз. Ол да Елбасының ұстанған саясаты бойынша жүзеге асып келеді. Мұның ақшаны қарызға доллармен алған адамдарға көп зияны тиетіні сөзсіз. Алайда, ауылдағы адамдардың сұрақтарына жауап бергенімде, мұның бір жақсы жағы да бар екенін айттым. Мысалы, біздің кәсіпорындар өз тауарларын, өнімдерін экспортқа шығаратын болса, пайда әкеледі. Біздің өнімдердің бағасы көтеріледі. Бұдан сыртқы нарыққа тауарын шығарған кәсіпорынның кірісі көбейетіні анық. Түскен кірісінен салық ретінде мемлекетке аударылады. Ал жиналған салық айналып келгенде, мемлекетке, халыққа баратынын түсіндірдім.

Одан кейін «Ал тауар, азық-түлік бағалары қалай болады?» деп сұрайды. Ең бастысы, біз қажетті өнімдер мен тауарлардың басым бөлігін шетелден сатып алмауымыз керек. Қазір көбін өзіміз шығарып жатырмыз. Халқын азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырған елдің бірі Қазақстан екені анық. Сондықтан өзіміздің шығарған тауарларға теңге бағамы өзгеруінің ешқандай әсері болмайтынын және өнім бағасының сол күйінде қалатынын айттым.

Елбасының Үкіметке берген тапсырмасына мән беріп қарауымыз керек. Президент инфляция деңгейін 6-8 пайыздан асырмауды тапсырған болатын. Осы деңгейде сақталуы тиіс. Сол себепті теңге бағамы өзгеруінің халыққа теріс әсері тимейді. Халық та бұл ойымды құптады.

Осы мәселеге байланысты Елбасы Үкіметке нақты-нақты тапсырмалар берді. Қазір теңгенің одан әрі құнсызданып кетпеуі үшін алдын алу шаралары жасалып жатыр.

- Ауылдықтарды алаңдатып отырған тағы қандай мәселе бар екен?

- Ауыл тұрғындарын почта байланысы алаңдатып отырғанын байқадым. Ауыл адамдары газет-журналдарға жазылады, бірақ ол дер кезінде жетпейді. Тіпті почта тасушы адамның жоқтығы қинап отыр. Бір адам осы мәселені көтеріп: «Мысалы, почта тасушының алатын айлығы үш-төрт-ақ мың теңге. Ондай жұмысқа кім барады? Почта болмайды деген әңгіме шығып жатыр. Осы мәселені реттеуге ықпал етсеңіздер екен» деген өтінішін білдірді. Осындай мәселе почта қызметіне жауап беретін құзырлы органдардың басшылары алдына қойылғанын жеткіздім. Мен оларға «Почта қызметі болмайтын болса, оның орнын басатын қандай қызмет ұсынасыздар?» деген сұрақ қойдым. Бұл мәселе шешімін табуы тиіс. Мұндай жағдай тек Қызылорда облысында ғана емес. Басқа өңірлерде де солай. Өткен жолы сайлаушылармен кездесуге арналған іссапарымда Павлодар облысында болдым. Сол өңірдің тұрғындары да почта мәселесін көтерген болатын. Жалпы, мұны ретке келтіру керек.

- Рақмет әңгімеңізге.

Соңғы жаңалықтар