Депутат Салық кодексі турасында: кедергісі бар нормаларды міндетті түрде өзгерту керек

АСТАНА. KAZINFORM — Салық кодексіне қатысты бизнестің уәжі талқыланады. Бұл туралы Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек мәлім етті.

Депутат Салық кодексі турасында: кедергісі бар нормаларды міндетті түрде өзгерту керек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Егер ешбір кемшіліксіз болса, мұндай өзгерістер талап етілмейтін еді. Демек, кемшіліктер болды. Жұмыс істемей тұрған нормаларды немесе кедергісі бар нормаларды міндетті түрде өзгерту керек. Сондықтан бизнестің ұсынымдарын жинақтап, Құрылтайда пысықтаймыз, — деді Ә. Тамабек Құрылтайда Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін.

Сонымен қатар ол ірі байлық иелеріне салықты көтеру ұсынысына пікір білдірді. 

— Шешім бірден қабылданбайды. Үкімет пен Құрылтай бірлесе ұсыным береді. Мұндай тәсіл әлемдік тәжірибеде бар, көбірек пайда тапқандарда тиісті мөлшерлеме болуы тиіс деп санаймын. Бұл салық ешкімнің қалтасына кетпейді, яғни халыққа, елге инфрақұрылым немесе әлеуметтік нысан күйінде қайтып келеді. Ортақ негізде пайдаланылатын жобаларға үлес қосады… Осы мәселе ірі байлық иелеріне қатысты, — деді депутат.

Айта кетейік, Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық саласындағы кемшіліктерге тоқталып, оларды жою жөнінде тапсырмалар берді. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы байларға салықты көтеруді ұсынды.