Депутат Салық кодексінен жеке сипаттағы жеңілдіктер беретін норманы алып тастауды сұрады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әділ Жұбанов мемлекеттік қарыз және салық жеңілдіктерін алып отырған компаниялар туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды Kazinform.

мәжіліс
Фото: Kazinform

«2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 28,5 трлн теңгені құрады. 2026 жылға қарай республикалық бюджеттен қарыз бойынша қызмет көрсетуге жұмсалатын шығыстары 3,5 трлн теңгеге (барлық шығыстардың 14%) жетеді. Осы қарқынмен 2030 жылға қарай қарызға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің 49 пайызын құрауы мүмкін. Мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі деңгейінен айтарлықтай асып түседі. Мәселен, кейінгі 15 жылда мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны орта есеппен 28 пайызды, ал ЖІӨ 15 пайызды құрады», - деді Ә. Жұбанов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, жақын арада бұл жағдайды түзету шаралары қабылданбаса, бұл еліміздің бюджетін техникалық дефолтқа әкелуі мүмкін.

«Сонымен бірге, Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында 277 салық жеңілдіктерінің бар екендігі көрсетілген, олар бойынша 2018 - 2020 жылдардағы шығын 12,9 трлн теңгені құрады. Экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық берілгеніне қарамастан, жеңілдіктердің ең көп үлесі қаржы секторына берілген», - деді депутат.

Оның айтуынша, Салық кодексінде салық әділдігі қағидатына қайшы келетін жеке сипаттағы жеңілдіктерді көздейтін нормалар бар. Бұл ретте, «Проблемалық кередиттер қоры» АҚ және «Nazarbaev Fund» жеке қоры корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылған. Салық жеңілдіктерін MEGA сауда орталықтары желісі, дәрі-дәрмек импорттайтын және оларды жоғары бағамен сататын фармацевтикалық компаниялар алып отыр. Негізінен көлікті құрастыратырумен айналысатын, ҚҚС-тің нөлдік мөлшерлемесін пайдаланып жатқан Hyundai Trans Kazakhstan компаниясында да осындай жеңілдік бар. Бұл компания 2015 жылдан бері мемлекеттен 160 млрд теңгеден астам субсидия алған.

«2017-2020 жылдар аралығында ҚҚС-ты қайтару тұрғысында жалпы 4 трлн теңге қамтылып, оның 79 пайызы ірі кәсіпорындарға тиесілі. Атап айтқанда, 2019-2021 жылдар аралығында елден 9 трлн теңге валюта шығарылған», - деді Әділ Жұбанов.

Депутат жоғарыда айтылғандарға байланысты мына ұсыныстарды жариялады:

1.Келер жылдары республикалық бюджеттің техникалық дефолтына жол бермеу мақсатында бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау;

2.ҚҚС-ты қоса алғанда, қолданыстағы салық жеңілдіктеріне, субсидияларға және басқа преференцияларға түгендеу жүргізу;

3.Өңдеуші кәсіпорындар мен дайын өнімді өндірушілерге преференциялар, салық жеңілдіктері мен артықшылықтар беру;

4.Салық кодексінен жеке сипаттағы жеңілдіктер беретін барлық норманы алып тастау.

Соңғы жаңалықтар