Депутат СҚ-Фармацияны сынға алды: бұл ұйымды не үшін құрдық

АСТАНА. KAZINFORM — СҚ-Фармацияның  өз логистикалық инфрақұрылымы жоқ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов айтты.

«СК-Фармация»
Фото: sk-pharmacy.kz

- СҚ-Фармацияға тоқталсақ, бірыңғай дистрибьютордың өз логистикалық инфрақұрылымы жоқ. Логистиканың 90 пайызы үш компанияның қолында. Осындай монополизация логистикалық шығындардың 1,5 есе өсуіне ықпал етті. СҚ-Фармацияның үстеме бағасы, комиссиясы деп те айтуға болады - бақандай 7%. Бұл қосымша салық сияқты, бір бөлігін өз шығындарына пайдаланса, бір бөлігі пайда ретінде, бір бөлігі дивиденд ретінде бюджетке қайтарылады. Парадокс, - деді А.Аймағамбетов палата отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін талқылау кезінде.

Оның айтуынша, бірыңғай дистрибьютор 491 млрд теңгеге сатып алу жүргізді. Бірақ оның басым бөлігі тікелей зауыттан емес, жергілікті дистрибьюторлар арқылы сатып алынады.

- Сонда біз бұл ұйымды не үшін құрдық? Неліктен ол зауыттардан тікелей сатып алмайды? Сұрақ көп. Бір препараттар қоймаларда шіріп, есептен шығарылып жатқанда, кейбір өмірлік маңызы бар дәрілер болмаған. 45 мың пациент дәрісіз қалған. Анықтаған шығындар мен ысыраптар 3,7 млрд теңгеден астам. Ал ықтимал шығындар 21 млрд теңгеден астам, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін жариялады.

Сонымен қатар Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек екенін айтып, осы саланы сынға алды. 

Соңғы жаңалықтар