Депутат статистика саласындағы кемшілікті атады

АСТАНА. KAZINFORM — Ресми және ведомстволық статистика бір-біріне қайшы келетін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева мәлім етті.

Савельева Татьяна Михайловна
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің жаңа әдістемесін енгізудегі негізгі мәселенің бірі — барлық есептеулер негіз болатын сенімді статистикалық базаның жоқтығы. Ресми және ведомстволық статистика біріктірілмеген және бір-біріне жиі қайшы келіп жатады. Негізгі көрсеткіштер — жұмыссыздық деңгейі, тұтыну бағаларының индексі, өмір сапасының индексі қысқартылған және әдіснамалық тұрғыдан бұрмаланған. Сондықтан басты бағдар беретін қызметін тиісті деңгейде атқармай отыр, — деді Т. Савельева Парламент Мәжілісінде жалпы сипаттағы трансферт тақырыбына арналған Үкімет сағатында.

Осы орайда ол еліміздегі мал санының статистикасына қатысты кемшіліктерді еске салды.

— Нақты мысал ретінде ауыл шаруашылығының статистикасын келтіруге болады. 5 миллионға жуық мал басы туралы деректің бұрмаланғанын арнайы комиссия Мемлекет басшысы көтерген мәселеден кейін әшкереледі. Бұл жағдай мемлекеттік саясатты жоспарлау және бағалау кезінде пайдаланылатын деректерді қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау қажет екенін байқатып отыр, — деді депутат.

Оның пайымынша, шынайы емес статистика нақты трансферттердің қалыптасуына тікелей кедергі келтіреді. Бұл тұрғыда өмір сүру деңгейінің төмендетілген көрсеткіші жеткіліксіз қаржыландыруға әкеледі. 

— Үкімет сағатына дайындық барысында бұл мәселе Жоғары аудиторлық палатамен (ЖАП) бөлек талқыланды. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті статистикалық деректер базасын қалыптастыру әдістемелерін қайта қарау, сондай-ақ қарапайым есеп беру статистикасынан цифрлық құралдар мен деректерді басқарудың заманауи тәсілдеріне негізделген аналитикаға көшу қажеттігі туралы ЖАП ұсынысын толығымен қолдайды, — деді Татьяна Савельева.

Еске салсақ, былтыр күзде Қазақстанда мал саны ғана емес, құс саны да қолдан көбейтіліп келгенін жазған едік. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінде «Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау жөніндегі жаңа тәсілдер» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп жатыр

Соңғы жаңалықтар