Депутат Теміртаудағы жылу беру нысандарын жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауға алуды сұрады
«Жақында «AMANAT» Фракциясы мүшелері Теміртау қаласының жылумен қамту объектілерінің жай-күйімен танысты. Екінші ЖЭО-ны жөндеу жұмыстары графикке сәйкес келмейді. Қазандық, турбогенераторларды жөндеуге келісімшарттар жасалмаған, басқа да жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Теміртауда орналасқан 1-ГРЭС-ке жөндеу жұмыстары 2005 жылы жекеге өткеннен кейін жасалмаған. ГРЭС-те өндірістік қауіпсіздік шаралары мүлдемге қолданылмайды, бір топ депутат өндіріс орнымен танысқан кезде, дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатқан жерде оттегі баллондары ашық жатқандығының куәсі болды», - деді Е. Саиров Бас прокуратура мен Үкімет басшысынің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, кәсіпорында өрт қауіпсіздігі іс-шаралары мен адамдарды өндірістік қорғау шаралары жүзеге асырылмаған.
«Егер ГРЭС-тің территориясына кірсеңіз «апокалипсис» аймағына өткендей сезім аласыз. Бұзылған ғимаратты, қисайған мұржаны, сондай-ақ айналасы ластанғанын байқауға болады», - деді депутат.
Бұл тұрғыда ол Теміртау қаласындағы жылумен қамту мәселелерін Үкімет бақылауға алу қажет екенін айтты.
«Теміртау 1-ГРЭС-інде қалыптасқан жағдайға байланысты Энергетика, Төтенше жағдайлар министрлігі бірлескен комиссия жіберіп, еңбек, өндіріс қауіпсіздігі мәселелерін тексеруі тиіс. Ол жерде техногендік жағдай болуы ықтимал. Адамдардың өміріне нақты қауіп бар.Бас прокуратура Теміртау 1-ГРЭС-нің жекешеленуінің заңдылық дәрежесін анықтай отырып, техногенді тұрғыдан кәсіорынның еліміздің заңдарын сақтау дәрежесін анықтауы өзекті», - деді Е. Саиров.