Депутат Тұрлыхановтың ұлы сотқа қамаудағы жазасын айыппұлға ауыстыру туралы өтініш берді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат өзіне кесілген жазаны айыппұлға ауыстыру туралы сотқа өтініш білдіріп, жүгінді.

— Нұрасыл Болаттың өтінішіне қатысты сот отырысы 19 маусым күні сағат 14:40– та өтеді, — деп хабарлады Алатау қалалық сотынан.
Еске сала кетейік, 2023 жылы ақпанда Нұрасыл Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан еді.
2023 жылдың 9 қазанында Алматы қалалық әскери сотында заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты сот үкімі шыққан болатын.
Сот үкімімен ол ҚК 107-бабының 2-бөлігі 1 және 5-тармақтарында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған жаза түрінде 1 млн 700 мың теңге айыппұл тағайындалған еді.
Кейін әлеуметтік желіде Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта емін-еркін жүрген видеосы тарады.
Былтыр қараша айында Медеу ауданының № 2 аудандық соты пробация қызметінің Нұрасыл Болатқа қатысты жазаны — бас бостандығын шектеуді одан айырумен ауыстыру туралы өтінішхатын негіз деп танып, оны 1 жыл 5 ай 10 күнге бас бостандығынан айырған еді.