Депутат: В3 блогындағы 113 мың педагогтің айлығын көтеру керек

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында әлеуметтік педагогтердің айлығын көтеруді ұсынды.

Депутат: В3 блогындағы 113 мың педагогтың айлығын көтеру керек
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

— Қаңтарда мектептерді аралап ұжыммен кездестім. Сол кезде әлеуметтік педагогтардың азғантай айлығы мен білім ордаларындағы қарапайым қызметкерлердің түкке жетпейтін жалақысы туралы мәселе айтылды. 2023 жылы әлеуметтік педагогтерді В3 функционалдық блогынан В2 функционалдық блогына ауыстыру керек деп Мәжіліс мінберінен нақты ұсыныстар бердік. Бірақ Үкімет бұл мәселені әлі шешкен жоқ. Мәселен, бір әлеуметтік педагог 1500-2000 баламен жұмыс істеймін дейді. Осы қызметі үшін алатын айлығы қазір 118 мың теңге. 2 жыл бұрын талап еткенімдей әлеуметтік педагогтерді В2 функционалдық блогына ауыстырса олардың айлығы 150 мың теңге болар еді, — деді депутат.

Депутат айтып отырған 2023 жылғы ұсынысты Үкімет қаржы тапшылығын алға тартып қолдамаған көрінеді. 

— Үкімет өкілінің жауабынан соң ресми есептеттім. 2023-2024 оқу жылында еліміздің жалпы мемлекеттік білім беру ұйымдарында В3 блогына жататын 113 352 педагог жұмыс істеп жүр. Осы мамандардың барлығын В3 блогынан В2 блогына ауыстырсақ, жылына бюджеттен шамамен 55 млрд теңге қосымша жұмсалады екен. Ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мамандардан аяйтын ақша емес бұл. Бұл бірінші талап, — деді Нартай Сәрсенғалиев. 

Сондай-ақ ол білім беру ұйымдарындағы еден жуушы, аула сыпырушы, вахтер, кір жуғыш машинаның операторы, аспаз, жүргізуші, электрик сынды мамандар мен техникалық персоналдың жалақысы өте аз екенін атап өтті.

— Білім беру ұйымдарындағы техникалық персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71%-ға, 2025 жылы 100-ға өседі деген ресми мәліметті бәріміз білеміз. Бірақ соның өзінде аталған азаматтардың айлығы еліміздегі орташа жалақы тұрмақ медианалық жалақы деңгейіне жетпейді. Бұл әлеуметтік әділетсіздік, соны жойып жұмысшылардың жалақысын көтеру керек, — деді депутат.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды. 

Соңғы жаңалықтар