Депутат венчурлік қорларды капиталының бір бөлігін ауыл шаруашылығына бөлуге міндетті етуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутатты Анас Баққожаев инновацияны дамыту жөніндегі заң жобасын талқылау кезінде мемлекеттен қолдау алатын венчурлік қорларды ауыл шаруашылығындағы жобаларды қаржыландыруға міндеттеуді ұсынды.

«Қалаға ақша бөлген сайын ауылдардың бәрі босады. Біз осы тұжырымды естен шығармауымыз керек. Қаладағы бизнес қаншалықты дамыса, ауылдағы бизнес өше түседі деген сөз. Қазақстандағы тікелей тенденция осындай. Қаладағы бизнеске осылай әр түрлі қорлар арқылы ақша береміз, қолдаймыз, кешіреміз, ал енді ауылдағыларға ше? Сондай ауылдағы елді мекендер бос қалуы керек пе? Біз осыны ойдан шығармайық, өтініш», - деді ол.
Депутаттың сөзінше, венчурлік қорлар қаржы салып жүрген жобалардың тәуекелі ауыл шаруашылығындағы жобалардың тәуекелімен деңгейлес.
«Венчурлік қорды тәуекелі жоғары қор деп отырсыздар. Тәуекелі жоғары жобаларға ақша береді екенсіздер. Ал енді фермерлер ақша сұраса, тәуекелі жоғары деген желеумен ақша бермейді. Демек венчурлік қорларға талапты күшейтіп, оған бөлінетін ақшаның бір бөлігін ауыл шаруашылығына жұмсау керек. Салық кодексінің ішінде банктерге талап қоямыз. Қолда бар 50 трлн теңгенің бір бөлігін нақты сектордың ішінде ауыл шаруашылығына бөлдірту деген талап енгізсек, венчурлік қорларға да дәл сондай талап енгізуіміз керек», - деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік Мәжіліс жұмысқа қабылдаған аталмыш заң жобасы венчурлік қорларға мемлекеттен көрсетілетін қаржылай қолдауды Бюджет кодексі арқылы заңдастыру көзделіп отыр.