Депутат Яндекс сервисіндегі дербес деректердің қорғалуын тексеруді сұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Ләззат Жылқыбаева азаматтардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Осы орайда ол Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің атына сауал жолдады. 

Депутат Яндекс сервисіндегі дербес деректердің қорғалуын тексеруді сұрады
Фото: Kazinform/ЖИ

— Еліміздің жаңа Конституциясында алғаш рет әр адамның жеке және отбасы құпиясының қорғалуына, сондай-ақ дербес дерегінің заңсыз жиналуы мен пайдаланылуынан қорғау құқығына заңмен кепілдік берілген. Бұл — адамның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық норма. Цифрлық дәуірде бұл кепілдіктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Бәрімізге мәлім, 11 қазан қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді, — деді Ләззат Жылқыбаева.

Сонымен қатар ол азаматтардың жеке деректерінің ашық жариялануы мәселесіне тоқталды. Жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған. Ал Семей қаласында қызметкерлермен қатар, 344 кәмелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған.

— Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған. Сонымен қатар, әрқайсымыз мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, баламызды мектепке орналастырғанда өзіміз туралы мәліметтерді тапсырамыз. Бірақ одан кейін не болады? Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Біз мұны қалай бақылай аламыз? Әсіресе, балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін, — деді депутат.

Осыған байланысты ол мына ұсынысты жариялады:

— 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілу-берілмеу заңдылығын тексеру қажет;

— әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеру керек;

— осы жылы маусымда заңнамаға жалпыға қолжетімді көздерде жариялауға жатпайтын дербес деректерді бүркемелеу әдістерін қолдану талаптары енгізілді. Алайда жоғарыда айтылған фактілер осы талаптардың сақталуын тексеру қажеттігін көрсетті;

— осы саладағы мамандардың біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдардың тексеру жүргізуіне арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет.

Айта кетейік, жақында Құрылтай депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін айтты.