Депутат жастардың жұмыссыз жүруінің себептерін атады
«Еңбек ресурстарының өңірлік теңгерім тиімділігінің төмендігіне байланысты көбінесе еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша кадрларды даярлап келеміз. ҚР ҰЭМ Статистика комитеті мәліметінше, соңғы жылдары жұмыссыздық деңгейі төмендеді, яғни 2013 жылдағы 5,2 пайыздан 2017 жылы 4,9 пайызға дейін азайды. Ал 15-тен 28 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздық 5,5 пайыздан 4,1 пайызға дейін төмендеді. Сонымен бірге, еліміз бойынша жұмыссыздық деңгейі төмендеуінің жалпы үрдісіне қарамастан, бөлек өңірлерде басқа жағдай орын алуда», - деді депутат «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты ғимаратында техникалық және кәсіби білім беру тақырыбымен өткен отырыста.
Оның сөзіне қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласында жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен жоғары, сәйкесінше 5,2 пайызды және 5,3 пайызды құрап отыр.
15-тен 28 жасқа дейінгі жастар жұмыссыздығы жалпы республикалық деңгейден 1 пайызға жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында, 2,8 пайызға Алматы қаласында байқалды.
«Оңтүстік Қазақстан облысында жастар жұмыссыздығы 2016 жылдың қорытындысы бойынша 3,9 пайыздан 2017 жылғы екінші тоқсандағы мәлімет тұрғысында 5,5 пайызға дейін өсті»,- деп нақтылады А. Нұркина.
Белгілі болғандай, жастар жұмыссыздығы деңгейі бойынша ең аз көрсеткіш Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Жұмыссыздық деңгейі тұрғысында осындай шашыраңқылық себептерінің бірі еңбек ресурстарының аумақтық теңгерімсіздігіне қатысты болып отыр.
А. Нұркинаның атап өтуінше, тек Алматыда ғана 38 ЖОО мен 82 колледж бар. жұмысқа тұруға даяр 40 мыңнан астам маман шығады.
«Статистика деректеріне сүйенсек, 2018 жылы маман ретінде нарыққа шығатындар 43 мыңға жуықтайды, оның ішінде 27 мыңы жоғары оқу орындарының түлектері. Олардың арасында көбісі басқа өңірлерден келген жастар және 50 пайыздан астамы Алматы қаласында қалуға ниетті. Алайда түлектердің кәсіби таңдауының негізгі бөлігі эконономикалық, қаржылық, заңгерлік мамандықтарға тиесілі. Дегенмен де қала экономикасында техникалық әрі маркетинг саласындағы мамандарға ерекше сұраныс бар. Еңбек нарығында эконономикалық, қаржылық, заңгерлік кадрлардың тым көп кезедсуіне байланысты қаладағы жоғары оқу орындары түлектерінің 30 пайызға жуығы таяуда тиісті қиындықтарға тап болуы мүмкін»,- деп түсіндірді депутат.
Оның айтуынша, 2017-2021 жылдары аралығында Павлодар облысында техникалық және кәсіби білімі бар кадрларға қажеттілік 229 мамандық бойынша 21 мың 800 адамнан асып түседі. Жоғары білімді мамандардың жетіспеушілігі 163 мамандық тұрғысында 2 мың 700-ден астам адамды құрайды.