Депутаттар ақпаратқа қол жеткізуге қатысты заң жобасындағы түзетуге қарсы шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінде ақпаратқа қол жеткізуге қатысты заң жобасын таныстыру кезінде депутаттар осы құжаттағы жаңа түзетуге наразылық білдірді.

Депутат Абзал Құспан бұл жобаны Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде қарастыру кезінде үлкен сынға ұшырағанын айтты. Яғни, құжат жобасында депутаттар заң шығару бастамасын қолданған жағдайда, міндетті түрде Үкіметтің оң қорытындысын алу нормасы қисынсыз.
«Неге? Бұл әдеттегі бір заңдарға қарама-қайшы келсе бір жөн. Бұл жерде Конституцияның нормасы бұзылып отыр. Атап айтқанда, Конституциядағы 61-баптың 1-тармағында заң шығару бастамасы Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі деп анық көрсетілген. Ал мына таныстырылған заң жобасындағы ұсынысты алып қарасақ, онда депутаттардың заң шығару бастамасын шектеу тікелей көзделген. Сонымен қатар Президенттің «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» деген формуласына негізделген бастамасына тікелей қайшы келіп отыр. Бұл бастамаға сәйкес Үкімет Парламенттің алдында есеп беруі керек болса, мұнда керісінше - Парламент депутаттарын заң шығарушылық бастамада Үкіметке бағындырып қоймақшы», - деді А. Құспан.
Kazinform тілшілеріне берген сұхбатында депутат Абзал Құспан бүгін таныстырылған заң жобасында Парламент депутаттары әзірлеген құжат жобалары бойынша Қазақстан Үкіметінің қорытындысын ескере отырып, қоғамдық талқылау рәсімдерін өткізу міндетті саналатыны жазылғанын айтты.
«Заң шығару бастамасы тек үш субъектіге ғана берілген. Осы жерде Үкімет заң шығару бастамасын ішінара шектегісі келеді. Депутаттар заң шығару бастамасын қолданған жағдайда, міндетті түрде Үкіметке жолдап, Үкіметтің оң қорытындысы болғанда ғана шығара алатындай норманы енгізіп қойған. Заң жобасындағы осы ұсынысқа қарсымыз», - деді Абзал Құспан.
Депутаттың пікірінше, заң жобасындағы бұл норманы Парламент қабылдамайды.
Өз кезегінде депутат Асхат Аймағамбетов те құжатта ойға қонымсыз нормалар бар екенін растады.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров бұл норманы ұсынар алдында осы ақпаратқа қол жеткізу саласы зерделенгенін айтты.
«Сонда депутаттардың заңнама бастамасын жасар алдында осы БАҚ өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен, белсенділермен талқылау мүмкіндігін беру ретінде ұсындық. Осы мақсатты ғана көздедік», - деді вице-министр.