Депутаттар Астана мен Маңғыстау облысындағы қоқысты сұраптауға қатысты проблема көтерді
АСТАНА.KAZINFORM — Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында қалдықтарды басқару жүйесіне түсетін жүктеменің артуына байланысты проблема туындап отыр.
Қайта өңдеу қуатының жетіспеуіне байланысты Баянды ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны тек өз аумағындағы ғана емес, Ақтау қаласынан, сондай-ақ Түпқараған ауданының бірқатар ауылдан келетін қоқысты қабылдауға мәжбүр. Жағдайды көзбен көріп, нақты шешімдер әзірлеу үшін нысанға Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин барды.

Полигон Баянды ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2,5 км жерде, Ақтау халықаралық әуежайынан 21 км тұста орналасқан. Жобалық аумағы — 25 гектар, есепті пайдалану мерзімі — 30 жыл. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлердің жұмысы есебінен полигонға түсетін қалдықтың шамамен 40 пайызы престеліп, қайта өңдеуге жіберіледі. Мәжілістің Экология мәселелерінің және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы бұл шаралардың өзі де мәжбүрлі сипатта екенін және толыққанды қайта өңдеу жүйесін алмастыра алмайтынын атап өтті.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, депутаттардың бастамасымен Мәжілісте экология мәселелеріне қатысты түзетулер әзірленіп жатыр.
— Жаңа заң жобасы қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, қайта өңдеуге арналған экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізуге және утиль төлемдеріне қатысты тәсілдерді қайта қарауға бағытталған. Экология — абстрактілі тақырып емес. Президент «Turkistan» газетінде жарияланған сұхбатында айтқандай, тазалық біздің ұлттық менталитетіміздің өзегіне айналуға тиіс. Сол үшін де біздің партиямыз экология мәселесіне ерекше көңіл бөледі. «Таза бейсенбі» партиялық акциясы аясында екі жылға жетпейтін уақытта ел бойынша 190 мың тоннадан астам қоқыс жиналды, — деді депутат.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова елордадағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болып, қоқыс сұрыптау кешенінің инфрақұрылымымен танысты.
«Астана эко полигоны» кәсіпорнының қызметкерлерімен әңгіме барысында экологиялық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ елордада қалдықтарды басқару жүйесін дамыту перспективалары талқыланды.

Ажар Сағандықова мұндай полигондар топыраққа ғана емес, атмосфераға да елеулі экологиялық қауіп төндіретінін атап өтті. Тұрмыстық қалдықтың ыдырау процесінде өте қауіпті әрі улы газ — метан бөлінеді. Оның иісі мен дәмі білінбегенімен адам ағзасына аса зиян.
Тексеру барысында 2025 жылы полигонның екінші бөлігі жобалық қуатына жеткені, ал үшінші бөлігі әлі пайдалануға берілмегені анықталды. Оған қоса, қалдықтар бұрынғысынша қолмен сұрыпталады. Ал полигонды кеңейту туралы жобалық құжаттама қазіргі заманғы экологиялық талаптарды ескере отырып пысықтауды қажет етеді.
Сұрыптау көрсеткіштерінің қайта өңдеу талаптарына сай келмейтініне, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар жұмысындағы үйлесімнің аздығына да назар аударылды. Депутат сонымен қатар қоқыс шығаруды жүзеге асыратын жеке компанияларды бақылау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Экологиялық кодекстегі қалдықтарды бөлек жинау туралы ережеге қарамастан, компаниялар барлық қалдықты бір машинамен шығаруды жалғастыруда.

— Әкімдіктер жосықсыз қызмет көрсетушілермен шарттарды бұзуға, айыппұл санкцияларын қолдануға және сотқа жүгінуге құқылы. Алайда бұл шаралар іс жүзінде қолданылмайды, — деп атап өтті Ажар Сағандықова. Оның пікірінше, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттырып, бақылау тәсілдерін өзгертпейінше, жағдайды өзгерту мүмкін емес.
Мәжілістегі экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі ретінде депутат қоршаған ортаны сақтауға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамалар туралы баяндады. Қазір Экологиялық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу тәсілдері қайта қаралып жатыр.
— Біз түбегейлі шешімдерді талап етеміз. Бұл күрделі заңнамалық процесс, бірақ сессияның соңында жауапкершілікті арттыратын және тұрмыстық қалдықтарға деген көзқарасты өзгертетін соңғы шараларды ұсынуымыз керек, — деп атап өтті депутат.
Айта кектелік депутаттар Талғардағы магистральдық су таратқыш құрылысының тоқтап қалуына байланысты мәселе көтерген еді.