Депутаттар бюджетке ішінара өзгерістер енгізді - Қызылорда
Сессияға облыс әкімі Болатбек Қуандықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақберген Досманбетов қатысты. Депутаттар жиынының талқылауына екі негізгі мәселе қойылды. Олардың біріншісі - «2011-2013 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2010 жылғы 13 желтоқсандағы №261 шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Балжан Шәменова сөйледі.
Хабарламашы биылғы жылдың 1 қаңтарына 1,8 млрд. теңге бос қалдық қалғанын жеткізді. Қалдық облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің артығымен орындалуынан, республикалық бюджеттің нысаналы трансферттерінің, Үкімет резервтерінің, облыстық бюджеттің, сондай-ақ облыстық бюджеттен аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттеріне бөлінген нысаналы трансферттердің пайдаланылмай қалған қаржылары есебінен жиналған. Басқарма басшысы бұл ретте республикалық трансферттердің игерілмеген қаржысы республикалық бюджетке қайтарылып, қалғаны облыс бюджеті есебінде қалатынын баяндады.
Сессияның күн тәртібіндегі екінші мәселе - «2011-2015 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасы» бойынша сөз алған депутат Жарылқасын Шәріпов осы кезеңді облыстың ауылдық елді мекендеріне баратын жолдарды қалыпқа келтіру жылдары ету туралы ұсыныс енгізді. Ол мұны облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының ұсынысы екенін мәлімдеді.
Сессияның күн тәртібіне қойылған басқа да мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.