Депутаттар мигранттарды бақылаудың бірыңғай базасын құруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Көші-қон бақылауының біртұтас ақпараттық базасын жасау қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың пайымынша, көші-қон легін нақты уақыт режімінде бақылау мүмкіндігінің жоқтығы көші-қон саласындағы проблемалардың бірі болып табылады.
«Мысалы, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараттық жүйелері өзара тиісті түрде интеграцияланбаған. Олардың әрқайсысы жекелеп алғанда құқық қорғау органдарының көзіне түспеген көшіп келушілердің жасаған құқық бұзушылықтарын талдау жолымен анықтауға мүмкіндік бермейді», - деді ол.
Осыған орай депутат Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің біртұтас ақпараттық базасын жасау қажеттігін назар аударды.
«Осыған байланысты, көші-қон бақылауының біртұтас ақпараттық базасын жасау қажет. Бұл базада бұзушылықтарды анықтаудың автоматтандырылған алгоритмдері, сондай-ақ белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлікте жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың сандық және сапалық құрамын айқындау мүмкіндігі болуға тиіс», - деді Нұрлан Әбдіров.
Айта кетейік, Нұрлан Әбдіров 2017 жылы Қазақстанда қосарланған азаматтығы бар шамамен 600 адам жазаға тартылғанын айтқан болатын.
Сонымен қатар оның дерегінше, Қазақстанға келген шетелдіктердің тең жартысы уақытша тіркеуге тұрмайды.