Депутаттар сауалына меморгандардың берген жауабы көңілден шықпайды

АСТАНА. KAZINFORM – Депутаттар мемлекеттік органдарға 625 сауал жолдады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов  айтты.

Парламент депутаттары Шығыс Қазақстан жұртшылығымен экология мәселесін талқылады
Фото: Н.Байбулин

- Депутаттық сауалдарға берілетін жауаптар мәселесін де арнайы айта кеткім келеді. Осы сессия барысында мемлекеттік органдарға 625 сауал жолданды. Әр сауалдың артында халықты толғандыратын мәселе тұратыны белгілі. Алайда оларға берілген жауаптардың мазмұны мен сапасына көңіл тола бермейді. Тағы да жаңа сұрақтар туындатады. Бұл жағдай кейде депутаттарды мемлекеттік органға қайта жүгінуге мәжбүр етеді. Біз Үкіметпен бірге осы мәселелерді жүйелі шешуіміз керек. Келесі сессияда Үкімет мүшелерін арнайы шақырып, жоғарыда айтылған мәселелерді талқылау жоспарымызда бар, - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасв мемлекеттік органдар мен депутаттық корпустың бірлескен жұмысының жақсы үлгілері де бар екенін айтты.

- Мысалы, ауыл халқының табысын арттыруда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда, ауыл әкімдерін оқытуда және азаматтардың шамадан тыс қарыз алуы проблемаларын шешуде ортақ жұмысымыздан елеулі нәтиже көріп отырмыз. Сайлаушылардың талап-тілектері бойынша Үкімет есебін тыңдауға арналған отырыстарымыз да өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Өңірлерге сайлаушылармен кездесуге барған сайын депутаттар халықтың бір жарым мыңнан астам мәселесі мен аманатын арқалап келеді. Осы сессияда Парламент депутаттары 500-ден аса елді мекенге барып, азаматтармен 1 200 кездесу өткізді. Онда көтерілген барлық мәселе Үкімет алдына қойылды. Біз оларды бұрыннан қалыптасқан тәжірибе бойынша, арнаулы жалпы отырыста талқыладық, - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды.

Соңғы жаңалықтар