Депутаттар Шымкенттегі темір өткелінің, Маңғыстаудағы ГЭС құрылыстарымен танысты
АСТАНА. KAZINFORM - Мәжіліс депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Болатбек Нәжметдинұлы мен Данабек Исабеков Шымкент қаласындағы Момынов көшесінің бойында салынып жатқан теміржол өткелінің құрылысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Жоба аясында теміржолдың үстінен төрт жолақты аспалы көпір салынып, ол жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жабдықталады. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарықшамдар орнатылады. Құрылыс 2024 жылдың қарашасында басталған. Қазіргі таңда нысанның құрылыс белдеуіне түсетін бірнеше жеке меншік жер телімін мемлекет қажеттігіне алу мәселелері қарастырылып жатыр, ал қалған жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіледі.
Нысанды аралап көрген депутаттар құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында орындалуын қадағалау қажеттігін ерекше атап өтті.
– Мегаполистегі халық санының артуынан көлік кептелісінің жиілей түсетіні белгілі. Ал осындай аспалы көпірлер мен жолайрықтар халықтың жүріп-тұруын жеңілдетіп, қауіпсіздік деңгейін арттырады. Мұндай ауқымды нысанды жобалағанда жергілікті халықтың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру керек. Ең бастысы салаға жауапты азаматтарды құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізілуін қадағалауды мықтап қолға алуға шақырамын, – деді Болатбек Нажметдинұлы.
Шымкентте Тіленшин көшесінің бойында тағы бір аспалы көпір салынып жатыр. Екі нысанды да 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаларды жүзеге асыру қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға, көлік қызметінің тиімділігін арттыруға, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар бүгін Маңғыстау облысында күн, жел және газ энергиясымен жұмыс істейтін 247 МВт гибридті электр станциясы салынып жатыр. Бүгін Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин және Самат Мұсабаев осы станцияның құрылысымен танысты.
Нысан құрылысы 2024 жылы басталған. Ол – «Қазмұнайгаз» ҰҚ және италиялық «ENI» компаниясының бірлескен жобасы. Бас мердігер – «Hi-Teck «Qazaqstan» серіктестігі.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде көміртектік бейтараптық стратегиясын жүзеге асыру басталғандығын атап өтті.
– Күн электр станциясы 50 МВт, жел станциясы 77 МВт және газ станциясы – 120 МВт қуатпен жұмыс істейді. Гибридті станция Жаңаөзен қаласындағы кәсіпорындарды, мұнай өндіруші компаниялар мен «Қазмұнайгаз» газ өңдеу зауытын электр энергиясымен тұрақты түрде қамтамасыз етеді, – деді Е.Жаңбыршин.
Құрылысшылармен әңгімелесу барысында депутаттар Парламентте қабылданған заңдардың жүзеге асырылуы жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы заңның артықшылықтарын ортаға салып, бұл құжат Президенттің қоғамда әділдік орнатуға бағыттағанына назар аударды.
Айта кету керек, Маңғыстауда салынып жатқан гибридті электр станциясы инновациялық жоба. Елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Станция іске қосылған соң 70 адам жұмыспен қамтылады. Аймақты энергиямен қамтамасыз етудің жаңа көздері көмірқышқыл газының қалдықтарын азайтады. Станция құрылысын 2025 жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған.
Еске сала кетейік, 5 қаңтарда Мәжіліс депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары басталды. Депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Сонымен қатар олар сайлаушыларға қабылданған заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат беріп, мәселелерін тыңдайды. Өңірлерде сайлаушылар көтерген ең өзекті мәселелерді шешу Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде Үкіметпен бірлесіп қаралатын болады.
Айта кетейік, Алматы облысында миллиардтар бөлінген Мәдениет үйінің құрылысы тоқтап тұр.