Депутаттық сауалдарда қоғамды алаңдатқан сан салалы мәселелер көтерілген
Әрине, партиялық жүйеде сайланған Мәжіліс депутаттарының белсенділігіне назар аударсақ, оның ішінде «Нұр Отан» фракциясының мүшелері - 122, «Ақ жол» - 50, «Халық коммунистері» - 58, Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар 17 сауал жолдаған.
Көтерілген мәселелердің едәуір бөлігі екінші сессияның ашылуында Мемлекет басшысының депутаттар алдына қойған және Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді шешуге байланысты мәселелерді қамтиды.
Депутаттық сауалдарға Парламент Мәжілісі Аппараты жасаған талдауға назар аударсақ, тақырыптар аясын негізінен тоғыз топқа бөлуге болады. Депутаттық сауалдардың басым бөлігі әлеуметтік сипаттағы мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ өңірлік даму, тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметі, автокөлік жолдарын жаңғырту және реконструкциялау, көлік және байланыс мәселелері де көтерілген.
Қазақстанда ең төмен күнкөрiс деңгейiн арттыру туралы мәселе бірнеше рет қозғалды. Депутаттар республика азаматтары табысының ұлғаюы тұтынушылық сұранысты ынталандырып, отандық өндіріске қолайлы ықпал етеді деп есептейді. Осы орайда, депутаттар Үкіметке тұтынушы себетін есептеудің әдістемесін жетілдіру жөнінде және ең төмен күнкөріс деңгейінің азық-түліктік және азық-түліктік емес бөлігін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізді.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерге сәйкес бір топ депутат өз сауалдарында бүгінгі таңда еліміздегі лайықты еңбек қағидаттарын сақтау, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру стандарттарын және сапасын арттыру туралы мәселелерді көтерді.
Сондай-ақ «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның іс жүзінде іске асырылуына талдау жасай отырып, депутаттар тобы мүгедектер өмірінің сапасын жақсарту, еңбекке жарамды жастағы мүгедектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, оларға салық және төлемдер бойынша жеңілдіктер беру мәселелерін көтерді.
Депутаттар сауалдарының оннан бір бөлігін Қазақстандағы денсаулық сақтауды дамыту мәселелеріне арнады. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру туралы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында парламентарийлер біздің елдегі белсенді ұзақ өмір сүру мәселесіне Үкіметтің назарын аударды. Депутаттардың пікірінше, «Қазақстан Республикасы халқының жоғары өмір сүру сапасымен белсенді ұзақ өмір сүруі» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, егде жастағы азаматтарға медициналық көмек көрсетуді жақсарту бойынша, аурулардың алдын алуға септігін тигізетін профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, халықтың салауатты өмір сүру салтын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша заңнамалық шараларды және тетіктерді әзірлеу қажет. Үкіметке дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды жеткізуге отандық өндірушілермен жасалған ұзақ мерзімді шартты мемлекеттік қолдау шараларын қабылдау жөнінде сауал жолданды.
Премьер-Министрдің атына білім берудің барлық деңгейлерін жаңғырту проблемалары туралы сауал жолданды. Депутаттар мұғалімдер мәртебесін көтеру, сондай-ақ жоғары сыныптың оқу бағдарламасына автомобиль ісін оқыту пәнін енгізу туралы мәселе қозғады. Мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау (суицид) оқиғаларының деңгейін төмендету мақсатында қолданып жатқан шаралар туралы ақпарат беруді сұрады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне қызметкерлердің құқығын қорғауға, жұмысқа орналастыруға қатысты қиянат жасауды және алдаушылық практиканы болдырмауға бағытталған Халықаралық Конвенцияға сілтеме жасай отырып, депутаттық сауал жолдады.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына орай депутаттық сауалда Жұмыспен қамту орталықтарына этникалық қазақтардың ішінен көшіп келушілерді жұмысқа орналастыруға, оның ішінде кәсіптік білімі жоқтарды әлеуметтік орындарға орналастыруға жәрдемдесу құқығын беру ұсынылды.
Сол секілді депутаттар жұмысшыларды кемсіткендігі үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін белгілейтін түзетулер жобасын әзірлеу жөнінде ұсыныс жасады.
Азық-түлік қауіпсіздігі, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау - депутаттық сауалдардың негізгі тақырыптырының бірі. Мәселен, депутаттар қолданыстағы заңға тәуелді актілерге талдау жүргізе отырып, Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары және тауарларды сатып алуды жүзеге асыратын арнайы ұйымдардың Тізбесі бойынша Үкіметтің тиісті қаулы қабылдауын жеделдету туралы ұсыныс жасады.
Бәсекеге қабілетті агроөнеркәсiптiк кешендi құру жөнінде Мемлекет басшысы алға қойған міндетті іске асыру мақсатында депутаттар тобы Үкіметтің назарын фермерлердiң біліктілігін арттыруды ұйымдастыру, ғылым мен техниканың озық жетістіктерін өндiрiске енгiзу мәселелеріне аударды. Сондай-ақ Үкіметке Қазақстанда күрiш шаруашылығын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдау туралы депутаттық сауал жолданды.
Өңірлік даму проблемалары депутаттық корпустың ерекше назарында болды. Депутаттар Қазақстанның шағын қалаларын дамыту шеңберінде облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың критерийлеріне сәйкес келмеуі, сондай-ақ ауылдық аумақты дамыту саласын мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі жөнінде Үкімет алдына мәселе қойды. Ауылдық жерлерді де, сол сияқты ірі қалаларды да ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесінің өңірлердегі жай-күйі депутаттардың Үкіметке жолдаған сауалдарында бірнеше рет көтерілді.
Жол мен көлікті жетiлдiру мәселелері де бірнеше рет депутаттық сауалдарда жарияланды. Бір топ депутат халықаралық маңызы бар жолдарда адамдардың өліміне алып келетін ірі жол-көлік оқиғаларын болдырмау және алдын алу шараларын қарастыруды ұсынды.
Азаматтық авиацияда жиілеп кеткен апаттарға байланысты ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі депутаттық сауалдың тақырыбына айналды.
Көлік және коммуникация министріне Қазақстанның темір жол инфрақұрылымын дамытудың проблемалары туралы, атап айтқанда, поездар менеджментінің төмен деңгейі туралы, темір жолдың экологиялық-санитариялық жағдайы туралы, жолаушылар поездарында қойылатын ақпараттық-музыкалық бағдарламалардың сапасы мен мазмұны туралы сауал жолданды.
Депутаттар экожүйені сақтау мен экологиялық қауіпсіздікті ұйымдастыру жөніндегі мәселелерге де зор көңіл бөлуде.
Табиғи және техногендiк проблемаларға байланысты Каспий теңiзiнің алаңдатарлық экологиялық жай-күйін талдай отырып, Премьер-министрдiң атына бірнеше рет сауал жолдаған болатын. Парламентшілер Ақтау қаласында Каспий мәселелерi бойынша ғылыми-зерттеу институтын құру туралы ұсыныс жасады.
Ел Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленген «Жасыл экономикаға» өту Стратегиясын іске асыру шеңберінде бір топ депутат Премьер-Министрдің атына ақы төленуге жататын ластаушы заттар тізбесін кеңейту және ірі өнеркәсіптік қалаларда қосымша экологиялық бекеттерді қою мәселелерін қарау ұсынысымен сауал жолдады.
Депутаттар азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту, сондай-ақ коммуналдық қызметтің сапасына қатысты мәселелерді де көтерді.
Көптеген өтініштерге байланысты депутаттар Өңірлік даму министріне жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты сауал жолдады.
Банк қызметі саласына қатысты мәселелер де депутаттық сауалға негіз болды. «Қолжетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты - тұрғындар үшін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Алайда, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бюджет қаражаты мен азаматтардың жинақ ақшасы есебінен іс жүзінде нормаланбаған пайда алатынын ескере отырып, депутаттар Банктің тұрғындар үшін тұрғын үй кредитінің құнын төмендету жөніндегі мемлекет жүктеген негізгі әлеуметтік рөлін орындамай отыр деп есептейді.
Мәжiлiс депутаттары алдағы уақытта Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ДСҰ-ға кіруінің артықшылығын ескере отырып, бұл ұлттық экономика үшін тәуекел болатынын, соған орай отандық кәсiпорындарды мемлекеттiк қолдау қажеттігін Үкiметтің назарына салады.
Депутаттардың құқықтық мәселелер бойынша сауалдарды Бас прокуратураға, Әділет және Ішкі істер министрліктеріне жібергенін атап өткен жөн. Сауалдардың шамамен оннан бір бөлігі депутаттарға жүгінген адамдар тобының немесе ұйымдардың өтініштерінен тұрады.
Мәселен, бір топ депутаттар «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қолданыстағы бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету мәселелеріне байланысты сауал жолдады.
Депутаттар мәдениетті дамыту, бұқаралық ақпарат құралдары және Қазақстан тарихы мәселелеріне де ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысының «Болашақ бүгіннен басталады» және «Мерейлі отбасы» саяси-қоғамдық жобаларын ұйымдастыру туралы тапсырмаларын орындау, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы мен оның бөлімшелерін дамыту, «Хабар» агенттігі» АҚ-ның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін бір топ депутат республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді ұсынып, Премьер-Министрге өтініш жасады.
Депутаттар «Ежелгі түркілердің тарихи-мәдени мұралары» зерттеу бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың Моңғолияда сапалы археологиялық қазбалар жүргізуі үшін Майхан-уулде тұрақты жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу базасын құруды ұсынды.
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары қорғалатын объектілерінің тізіміне енген «Таңбалы» қорық-мұражайының археологиялық, мәдени және табиғи мұраларын танымал ету мәселесін шешу мақсатында бір топ депутат өз сауалдарында мұражайға баратын жолды күрделі жөндеу және менеджерлер мен экскурсоводтарды қайта даярлауды жүзеге асыру туралы Үкіметке ұсыныс жасады.
Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мәселесі Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдауға себеп болды. Осы мақсатта қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны таяу арада қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті. Депутаттар тұлғаның рухани-адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына және терроризм мен экстремизм идеологиясын саналы түрде қабылдамауына ерекше назар аударды.