Дербес білім беру ұйымдарына салық жеңілдіктері қарастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Дербес білім беру ұйымдарына салық жеңілдіктері қарастырылады

Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаевтың айтуынша, заң жобасы екі мақсатты көздейді. «Біріншіден, дербес білім беру ұйымдарын академиялық басқару жүйесін жетілдіре түсу. Бұл ретте олардың жұмысының сапасы да қамтамасыз етіледі. Екіншіден, Назарбаев Университетінің инновациялық кластер қызметін ұйымдастыру мәселелері көзделіп отыр», - деді Тахир Балықбаев.

Оның айтуына қарағанда, заң жобасымен ұсынылған түзетулер дербес білім беру ұйымдарының қызметі үшін салықтық жеңілдіктерді қолдануды оңайлатады. «Мәселен, білім берудің дербес ұйымдары өзінің жеке қаражатынан талантты оқушыларының халықаралық олимпиадалар мен семинарларға қатысуын қамтамасыз етіп, шығындарын өздері көтеретін болады. Есесіне сол сома оқушылардың жанама табыстары ретінде қарастырылмайды, осы арқылы ондай қаражатқа жеке табыс салықтары алынбайтын болады», - деді вице-министр.

Бұл ретте дербес білім беру ұйымдары - Назарбаев Университет пен Назарбаев зияткерлік мектептері ілкі жоба, сынақ алаңдары ретінде қарастырылып отыр. Сондықтан да, бұл жобаларды жүзеге асыру барысында аталған нысандарда жинақталған оңтайлы тәжірибелер алдағы уақытта білім беру жүйесін дамыту кезеңдерінде қолданылуы мүмкін.