Дербес деректерді қорғау: 28 telegram-бот бұғатталды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі кейбір Телеграм-боттарда жеке мәліметтердің таралу оқиғасына түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Бұл Telegram-боттардың жұмысы Facebook, Telegram, WhatsApp, Одноклассники сынды әртүрлі онлайн-платформалардың сервистерінен дербес деректерді жинауға арналған», - делінген Цифрлық даму министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, telegram-боттар тұрғылықты мекенжайлар туралы бұрынғы ақпаратты көрсетіп жатыр. Кейбір адрестер жалпыға бірдей таралған сервистерде немесе тауар жеткізу қызметтерінде көрсетілген болуы мүмкін. Бұл тұрғыда аталған telegram-боттар бұрын таралып кеткен дербес деректерді қамтитын базалардан ақпарат алады, сондай-ақ ресми сервистердің осал тұтастарын пайдалана отырып, мәлімет жинақтайды.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының дербес деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін telegram-боттарына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталсақ, қазір Telegram әкімшілігімен өзара іс-қимыл барысында 28 telegram-бот бұғатталған. Биылғы 28 қазанда азаматтардың дербес деректеріне қауіп төндірген telegram-бот бұғатталды», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Еске салсақ, биыл күзде Мәжіліс отырысында депутат Никита Шаталов кейбір Телеграм-боттарда жеке мәліметтердің таралуы анықталғанын айтқан еді.