Деректер тұрғанда, адамдар жүгіріп әлек болмауы керек - ІТ маманмен сұхбат
Бүгін – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күнге орай, Kazinform тілшісі Президент Іс басқармасына қарасты «Инженерлік-техникалық орталығы» Есеп жүйелерін басқару бөлімінің дата-талдаушысы Айдос Сайрамбайды сөзге тартып, мамандығының қыр-сыры жайлы сұрап білген еді.
- Жоғары технологиялар дамыған сайын ІТ саласы мамандарына сұраныс артып келеді. Ал өзіңіздің бұл салаға қызығушылығыңыз қалай оянды?
- Иә, қазіргі таңда жаңа технологиялар мен жаңартулар күнделікті ойлап табылып жатыр десек те болады. Кейде, кейбір елдер осы бір жарыста артта қалып жатады. Бірақ, біздің еліміз әлемдегі жаңа технологияларды барынша дұрыс түрде күнделікті тұрмысымызға енгізіп үлгеруде деп ойлаймын.
Кезінде, Абылай хан бабамыздың «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген сөзі мектеп кезінен жадымда жүретін. Бала кезімде математика мен физика пәндерін өте қатты қызығып оқып, физика пәні бойынша қалалық және облыстық жарыстарға катысып жүлделі орын алғанмын. Осы себептермен келешекте білікті ІТ маманы болуды көздеп, сол мақсатымның орындалу жолында тынбай еңбек етіп келемін. Жапондар философиясы бойынша бұл – менің қағидам десем те болады.
- Инженерлік-техникалық орталықтағы жұмысыңыздың негізгі бағыты жайлы айтып берсеңіз...
- Қазіргі таңда өзім сияқты білікті әріптестеріммен бірге «Ахуалды талдау кешені» жобасын жасап жатырмыз. Қысқаша айтқанда, бұл – Президент Іс басқармасындағы барлық ақпараттық жүйенің деректерін бір жерге шоғырландырып, бір құрылымға келтіріп, өңдеп, дұрыс талдау жасайтын жүйе. Бұл жоба қарамағында бірнеше мекемелері бар ұйымдар басшыларының жұмысын барынша жеңілдететін әрі дұрыс шешімдер қабылдауға өз ықпалын тигізеді.
Мысалы, біз онда кадр, бухгалтерлік есептер, қаржыны жоспарлау және игеру, мемлекеттік сатып алу сияқты негізгі көрсеткіштерді бір экранды дәл қазіргі уақытта қалай орындалып жатқанын көрсетеміз. Одан бөлек, әуе және көлік, медицина, ІТ өтінімдері, құрылыс бойынша нақты көрсеткіштерді мекемелерге байланысты талдау жасап көрсетеміз. Бұл тек бастамасы деуге келеді. Себебі, қазіргі таңда қосымша DWH (Data WareHouse) әзірлеп жатырмыз. Келешекте ол бізге қарапайым статистикалық-аналитикалық есептерден бөлек ретроспективті талдамалы есептерді құруға және болжамды көрсеткіштерді әзірлеуге көп көмегін тигізеді. Бұл – «Деректер тұрғанда, адамдар жүгіріп әлек болмауы керек» деген сөзді барынша түсіндіретін жоба.
- Үлкен деректерді өңдеу барысында қандай әдістерді қолданасыз? Жұмысыңызда қандай сын-тегеуріндер кездеседі?
- Жұмысымызда ең бастысы – қабілеттің болуы, яғни деректермен дұрыс жұмыс жасай алу және бизнеске, яғни тапсырыс берушіге не керек екенін анық түсіну.
Ақпараттар түрлі түрде келіп жатады. Оларды құрылымдық түрге келтіру үшін MS Power BI платформасы ұсынатын қызметтерді пайдаланамыз және барша әзірлеушілерге танымал SQL тілін жетік қолданамыз. Одан бөлек ақпараттық жүйелермен деректер алмасу барысында JSON, XML сияқты форматтарын қолданып жұмыс істейміз.
Әрбір жобада сын-тегеуріндер болады және оны дұрыс деп санаймын. Себебі, ол жасап жатқан жобаның кемелденуіне ауадай керек. Біз, ІТ мамандары бейінді салаларда терең біліміміз болмағандықтан, басында нақты көрсеткіштерді жасау барысында аздаған қиындықтар туындады. Бірақ, сол саладағы қызметкерлермен тығыз жұмыс жасау арқылы ол қателіктерімізді тез арада жойдық десек те болады.
- Мекеменің маңызды шешімдер қабылдауы үшін дата-талдаушының рөлі өте зор. Өзіңіздің талдауларыңыздың нәтижесінде Президент Іс басқармасына қарасты мекемелерде қандай тың шешімдер қабылданды?
- Жоғарыда айтып өткенімдей, мемлекеттік сатып алулар және кадрлық есептер негізінде мекемедегі туысқандық қарым-қатынас, командамен жұмысқа орналасу, аффилденген тұлғалар сияқты айқын заң бұзушылықтарды анықтадық. Ол Іс басқармасында жемқорлықтың, туысқандар мен бұрынғы әріптестерді жұмысқа тартудың алдын алуға көмектесті.
- Дата-талдаушыға қандай білім мен дағды керек?
- ІТ маманының бойындағы қабілетті екі санатқа бөліп қарауға болады. Ол – Hard және Soft Skills. Дата-талдаушыға керегі – Hard Skills: SQL (DML, DDL), BI жүйелерімен жұмыс жасай алу (Data modeling: Star and Snow schemas), Python тілінде және framework-тары арқылы деректерді жинау және өңдеу, ақпараттық жүйелер арасындағы деректер алмасудың форматын және технологиясын түсіну. Міне, ең маңыздысы осылар.
Soft Skills келер болсақ, ең басты қасиеттер – бизнеске, тапсырыс берушіге не керек екенін түсіну және дұрыс технологиялар ұсыну, аналитикалық ойлау, командамен жұмыс жасай алу. Ал, білім математика және ІТ саласына тікелей қатысы болғаны өте дұрыс.
- Сұхбатыңызға рақмет!