Деректердің дәйектілігі әлеуметтік белсенділігімізді айқындайды

ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамуының болашағын бағамдайтын маңызды шара –ұлттық халық санағына дайындық жұмыстары шешуші кезеңге келіп жетті.
None
None
ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облысында ұйымдастырушылық істерінің қаншалықты дәрежеде атқарылғандығын білу мақсатында статистика департаменті бастығының орынбасары, халық санағына жәрдемдесу жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Мариям Баекеевамен әңгімелескен еді.? Мариям Жәдігерқызы, алда аса жауапкершілікті қажет ететін мемлекеттік шара күтіп тұр. Біздің өңірдің санақ мамандары сақадай сай деп айта аласыз ба? ? Әңгіменің басында жалпы халық санағының үш кезеңнен тұратынын айта кеткен жөн болар. Міне, осы кезеңдегі алғашқысы тұтастай дайындық мәселелерін қамтиды. Өткен жылдың басынан ыждағаттылықпен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекаралары айқындалды, көше атаулары, үйлер мен пәтерлердің нөмірлері ретке келтірілді, халықтың толық есепке алынуына тексеру жүргізілді, картографиялық материалдар әзірленді. Осы кезеңді түйіндейтін аса жауапты жұмыс санақ мамандарын іріктеу мен оқыту болып табылады. Бұл бағытта статистика департаменті мен халық санағына жәрдемдесу жөніндегі облыстық комиссия үлкен тірліктің басын қайырды. Біздің облыста санақты жүргізуге 3 мыңнан астам мамандар іріктелді. Олардың құрамында 9 тұрақты өкіл, 72 санақ бөлімінің меңгерушілері, 579 нұсқаушы-бақылаушылар, 2481 санақшылар бар. Мамандар қажетті тұрақ жайлармен, құралдармен толықтай қамтамасыз етілді. Статистика департаментінің аудандық құрылымдарына арнайы көліктер бөлінді. Сол арқылы шалғай елді мекендерде есеп жүргізетін мамандардың жұмысы едәуір жеңілдейтін болады. -Ақпараттық-насихаттық жұмыстар жайында, халыққа шараның маңыздылығын түсіндіру істері қалай жүргізілгенін айта кетсеңіз. ? Біздегі 175 ұйымда жауапты қызметкерлер бекітілгендіктен, түсіндірме жасауды осы азаматтардан бастадық. Департаменттер мен басқармалардың жауапты қызметкерлері біздің мекемеде апта бойына оқу курсынан өтті. Мемлекеттік және жеке кәсіпорындар жетекшілерінің, пәтер иелері кооперативтері және көше комитеттері төрағаларының қатысуымен дәл осындай жұмыстар атқарылды. Халық санағын ақпараттандыруға аймақтағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары қатысуда. Газеттерде 500-ден астам мақала жарық көрсе, теледидар арқылы 100-ге тарта насихаттық материалдар эфирге шықты. Көрнекі үгіт жайына келсек, "Игілік" қорынан 1 млн. 200 мың теңге қаржы бөлініп, оған 10 билборд, А2 және А3 үлгісінде 5500 плакат, санақ логотипімен 500 төсбелгі дайындалды. Республикалық Статистика агенттігі тарапынан 8 билборд, 5000 плакат бөлінді. Аудандар да мүмкіндігінше қаржы қарастырды. Осылайша қазір облыс көлемінде 2 электрондық табло, 220 билборд, 14 панно, 15 стенд халық санағын жарнамалап отыр. ? Байқоңыр аймақ үшін де, еліміз үшін де маңызды нысан саналады. Ғарышкерлер қаласындағы әзірлікті қалай бағалайсыз? ? Сауалыңыз орынды. 1999 жылы өткен халық санағында Байқоңыр қаласына қатысты едәуір қиыншылықтар кезіккені рас. Нәтижесінде осындағы қазақстандықтардың барлығы бірдей санаққа ілікпей қалды. Сондықтан да биылғы халық санағында өткендегіден сабақ ала отырып, тиісті қорытындылар шығарылды. Қазірде Байқоңыр қаласының басшылығы, әкімшілік басшысы Александр Мезенцевтен бастап, даярлық жұмыстарына тікелей араласты. Қолдарынан келгенше жәрдемдесуге ықыласты екендіктерін байқатты. Санақ бөлімдері үшін арнайы үй-жайлар бөлді, тиісті құралдармен қамтамасыз етті. Нәтижесінде санақ мамандары білікті қызметкерлерден іріктелді. Қазір 4 санақ бөлімінің меңгерушісі, 32 нұсқаушы-бақылаушы, 131 санақшы қызметтеріне кірісіп кетті. Облыстық комиссия отырысының хаттамасында мекемелерден жауапты қызметкерлер бөлінуі тиіс екені көрсетілген болатын. Соған орай қаладағы барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жауапты тұлғалар белгіленді. Шаһар тұрғындарының 40 пайыздан астамы ресейлік азаматтар болғандықтан, мұндағы жұмыстың өз ерекшелігі бар. Биылғы санақ Байқоңырда қанша қазақстандық мекендейтінінің нақты дерегін ұсынады деп ойлаймын.? Санақ кезінде шетелдік азаматтар да есепке алынатыны айтылуда. Бізді қызықтыратын жайт, шара барысында осы қаладағы барлық ресейліктерге санақ жүргізіле ме? ? Барлығына бірдей санақ жүргізіледі деп айта алмаймын. Біздің қолымыздағы нұсқаулықтарға сәйкес, егер де қазақстандық отбасы мүшелерінің кейбіреуі Ресей азаматтары болса, оларға міндетті түрде санақ парақтары толтырылады. Ал отбасы түгелдей ресейлік болса, есепке алынбайды.? Әңгімеңізге рахмет. Алдағы жауапты істеріңізге сәттілік тілеймін.
Соңғы жаңалықтар