Девальвация экономикамыздың әрбір секторындағы жағдайды жақсарту үшін жүргізілді

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат – Қазіргі дағдарыс жағдайында Қазақстан Үкіметінің теңгені девальвациялауы – қиын кезеңде ұлттық экономикамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған маңызды қадам болды. Теңге девальвациясына қатысты осындай пікірлерді қаржы-экономика саласындағы қазақстандық мамандар да айтуда.
None
None
«Астана-Финанс» АҚ-ның Қаржы нарықтарын талдау бөлімінің бастығы Ажар Ерғалиеваның (www.dknews.kz )айтуынша, 2008 жылдың тамызымен салыстырғанда 2009 жылдың басында Ресей рублі 45 пайызға құнсызданғандықтан, Ресейге өнім шығаратын қазақстандық экспортшылар күрделі жағдайға тап болған. Егер теңге құнсыздандырылмағанда бұл жағдай қазақстандық кәсіпорындардың ішкі нарықта да, ресейлік нарықта да үлесінің азаюына алып келуі мүмкін еді. Себебі, Ресей Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі болып саналады. Екі жақты сауда-саттықтың үлесі біздің республикамыздың сыртқы сауда көлемінің 18 пайызына тең. Бұдан бөлек А. Ерғалиева девальвация еліміздің алтын-валюта резевінің қарқынды жұтаңдауына жол бермеуге көмектесетінін айтады. «Жылжымайтын мүлік нарығынының қысқаруы және қазақстандық банктердің сыртқы қарыздарының көптігі жағдайында Үкімет еліміздің алтын-валюта резевтерін жұтаңдатуға жол бермеуі қажет», дейді ол. Ал «Қазкоммерцбанктің» Қазынашылық департаменті шетелдік валюталармен және қымбат металдармен операциялар басқармасының бастығы Евгений Михайлов қазіргідей жағдайда девальвациядан әсте бас тартуға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, Ұлттық банктің теңгенің курсын біртіндеп емес, бір сәтте жіберуі макроэкономикалық көзқарас тұрғысынан дұрыс қадам болды. Осылай істеу арқылы Ұлттық банк ішкі валюталық рыногымызды валюта курсына қатысты жағдайда айтарлықтай тұрақсыздандыруға қабілетті шетелдік қаржы институттарының спекулятивтік іс-қимылдарынан сақтап қалды. Тұтастай алғанда, теңге девальвациясын көптеген отандық экономистер дер кезінде қабылдаған дұрыс шешім деп бағалап отыр. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі Экономика инстиутының директоры, профессор Оразәлі Сәбден ( www.vkurse.kz, 11.02.09 ) теңгені девальвациялау әлемдік дағдарыстың салдарын еңсеру жолындағы Қазақстан Үкіметінің дұрыс қадамы болғанын айтады. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда еліміздің алтын-валюта резевтерін сақтап, төлем балансын жақсарту қажет, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін және экспорттық тартымдылығын күшейту керек, сондай-ақ еліміз экономикасына шетелдік инвестицияның ағылуын ынталандырған жөн. Ал «Ұлар Үміт» жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрайымы Гүлнара Әлімғазиеваның сөзіне қарағанда, теңге девальвациясы қоржындары валюталық және елдік белгілері бойынша әртараптандырылған жинақтаушы зейнетақы қорларының табыстылығына оң әсер етіп отыр. «Ұзақмерзімді перспективада зейнетақы қорлары теңгенің құнсыздануынан ұтпаса, ұтылмайды», дейді маман. Оның сөзіне қарағанда, теңгенің әлсірегенінен Қазақстан қор биржасы индексінің тізіміне енген экспорттаушы компаниялардың акцияларының құны жоғарылаған. Перспективада девальвация осы эмитенттердің іскер қағаздарының бағасының өсіміне оң ықпал етеді деп күтуге болады. Бұдан қоржындарында экспорттаушы компаниялардың акциялары бар жинақтаушы зейнетақы қорларының табыстылығы арта түспек. Бұл теңге құнсыздандырылғаннан кейінгі екі аптада болып жатқан дүниелер. Тұтастай алғанда, мамандардың пікірінен девальвацияның экономиканың әртүрлі секторларына оң ықпал етіп жатқанын аңғаруға болады.
Соңғы жаңалықтар