Девальвация ? отандық өндірісті өркендету үшін жасалған қадам

АСТАНА. Ақпанның 5-і ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ұлттық теңгенің долларға қатысты бағамын құнсыздандырғаннан не ұтамыз? Девальвация не үшін жасалды? Бұл күндері талай қазақстандықтарды осы тақылеттес сауалдар мазалап жүргені рас.
None
None
Бірден айтайық, девальвация экономикамызды қазіргі дағдарыстың ауыр салдарынан қорғау және дағдарыстан кейінгі қарқынды экономикалық өсімге негіз қалау үшін, яғни ұлттық экономикамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған қадам. Жарияланған мәлімет бойынша, 2008 жылдың 4-ші тоқсанынан бастап кешеге дейін валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және айырбастау бағамын ағымдағы диапазонда ұстап тұру үшін Ұлттық банк 6 млрд. доллар (2009 жылғы қаңтардағы 2,7 млрд. долларды қоса алғанда) жұмсаған. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық қордан 10 млрд. доллар бөлінгені белгілі. Ал теңгенің бағамын ағымдағы дәлізде ұстап тұрғанға соңғы төрт айда бақандай 6 млрд. доллар шығындалыпты. Қысқасы, кешеге дейін Қазақстан өзінің ұлттық валютасының тұрақтылығын соңғы бірнеше жылда жинақталған алтын-валюта резервтерінің арқасында қамтамасыз етіп келді. Ел экономикасын дағдарыстан алып шығуға жұмылдырылған 10 млрд. доллардың қасында 6 млрд. әрине аз қаржы емес. Қазақстанның негізгі сауда әріптестері саналатын мемлекеттерде, сондай-ақ экономикасы шикізат экспортына бағдарланған елдерде ұлттық валюталардың девальвациясы әлдақашан жүргізіліп қойғанын ескерсек, біздің бұлай отыра беруіміз (теңгенің бағамын ұстап) алтын-валюта резервтеріміздің қорына, тұтастай алғанда экономикамызға ауыр тиген болар еді. Сондықтан теңгенің құнсыздандырылуы экономикалық тұрғыдан аса қажетті стратегиялық қадам болды. Бұдан бөлек, девальвация ішкі рыногымызды импорттық тауарлардың тасқынынан қорғап, отандық өндірісті ынталандыру үшін жасалып отыр. Неге дейсіз ғой? Оның себебі мынада. Экономиканың заңдылығы бойынша дағдарыс кезінде қандай да бір елдің ұлттық валютасының құнсыздандырылуы отандық өндіріс көлемінің ұлғаюына және олар өндіретін өнім бағасының арзандауына ықпал етеді. Яғни девальвация экспорттың өсіміне жол ашады және импорттық тауарлардың тасқынын шектейді. Бұл отандық тауарлардың импорттық тауарлармен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатады. Қазақстанның негізгі сауда әріптесі іргедегі Ресей 2008 жылдың соңында ұлттық валютасы рубльді 44 пайызға девальвациялады. Бұл дегеніміз, Ресейде өндірілетін тауарлардың бағасы арзандап, тиісінше ол бірте-бірте Қазақстан нарығын жаулауға ұмтылады деген сөз. Мұндайда біздің Үкімет тиісті шара қабылдамаса, отандық өндірісіміз тұншығатын еді. Сондықтан да девальвацияның осындай өзіндік артықшылықтары бар. Оны бірнеше рет осы тәсілді қолданған Ресейдің тәжірибесінен көруге болады. Мәселен, 1998 жылы Оңтүстік Шығыс Азиядағы дағдарыс алқымнан алған тұста валюталық резервтерінің қоры азайған Ресей Үкіметі рубльді девальвациялады. Осы әрекеттің нәтижесінде импорттық тауарлар айтарлықтай азайып, экспортқа мүмкіндік көбейді. Сөйтіп, рубльден шығынға бөккен тауар экспорттаушы ресейлік кәсіпорындар еңсесін көтерді. Осыдан кейін Ресейдің экономикасы өзінің дамуында секіріс жасады. Қытайдың тәжірибесі де әлемді таңғалдырып отыр. Соңғы жиырма жыл ішінде юаньның бағамын жасанды жолмен түсіріп келген Қытай тауары қазір қай елде жоқ? Өзіндік құны арзан қытай өнімдері дүниежүзін түгел жаулап жатыр. Девальвацияның отандық өндірісті қорғау үшін жасалғанын айттық. Биылғы жылы халықты жұмыспен қамту және жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу Қазақстан Үкіметінің алдында тұрған басты міндет. Олай болса, тәжірибеде дәлелденгеніндей, девальвация отандық өндірістің, оның ішінде шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпорындардың еркін тыныстауына жол ашуы тиіс. Кеше қабылданған шешімнің нәтижесі таяу уақыттарда өзінің өміршеңдігін дәлелдеп жатса, онда еліміздегі өндіріс орындарының бәрінде көп ұзамай қызу еңбек басталатын болады. Жоғарыда біз девальвацияның оң тұстарын айттық. Дейтұрғанмен, оның теріс жақтары да барын жасыруға болмайды, девальвация инфляцияның өсіміне ықпал етеді. Бұл негізінен азық-түлік тауарлары және басқа да қызмет түрлері бағасының негізсіз көтерілуінен көрініс береді. Сондықтан девальвация кезінде инфляцияны ырықтау Қазақстан Үкіметінің негізгі міндеттерінің бірі болмақ. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше Үкіметтің шұғыл селекторлық кеңесін өткізді. Онда ол: «Бізге баға саясатының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет, яғни инфляцияның негізсіз шарықтауына жол бермеуіміз керек, бұл ең алдымен бірінші кезекте қажетті азық-түлік тауарларына қатысты», деп атап көрсетті. Осы орайда Премьер-Министр Бәсекелестікті қорғау агенттігіне және Табиғи монополияларды қорғау агенттігіне осы кезеңде кез келген тарифтің жоғарылауын тежеуді, ал облыс әкімдеріне бағаның негізсіз өсіміне жол бермеуді нығарлап тұрып тапсырды. Ал Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко доллар қажет болған жағдайда жұртшылыққа екінші деңгейлі банктердің айырбас орындарына жүгінуге кеңес берді. Оның айтуынша, ішкі нарықта көк қағаздың тапшылығы болмасы үшін 600 млн. доллар сатып алынып, жер-жерлердегі екінші деңгейлі банктердің валюта айырбастайтын орындарына жеткізілген. Теңге құнсызданғанымен, халық арасында анау айтқандай абыржу болған жоқ. Кеше Астанадағы жеке меншік валюта айырбастайтын орындарда 1 доллар 160 теңгеден сатылса, бүгін 150 теңгеге дейін түсті. Яғни, Ұлттық банктің белгілеген айырбас бағамы шешім жарияланғаннан кейінгі бір күннен кейін-ақ орныға бастады. Демек, Бас банктің долларға шаққандағы теңгенің бағамын 150-дің айналасында ұстап тұрамыз, бағамның ауытқуларына жол бермейміз деген уәдесіне сенуге болады. Әрине, девальвация кредитін банктермен арадағы келісімшарт бойынша доллармен төлейтін қазақстандықтарға жайсыз жаңалық болғаны рас. Теңге курсының бірден 23 пайызға құнсыздануы осы санаттағы адамдардың отбасыларының ай сайынғы бюджетіне әжептәуір ауыр тиіп отыр. Олардың арасында жас отбасылар, бюджет саласы қызметкерлері көптеп кездеседі. Олай болса Үкімет Алдағы уақытта осы мәселеге назар аударып, оңтайлы шешім тапса деген ойдамыз. Ал тұтастай алғанда, теңгенің девальвациясы ұлттық экономиканың қауіпсіздігі, түптеп келгенде мемлекеттің келешектегі игілігі, серпінді дамуы үшін жасалып отырған қадам болғандықтан, халықтың бұған түсіністікпен қарағаны жөн.
Соңғы жаңалықтар