Девальвация ? шағын және орта бизнеске зиянын тигізбейді

АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - "Девальвация - жағымсыз, бірақ экономикалық тұрғыдан бірден бір тиімді жол. Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін ескерсек, бұл саясатты ұзақ ұстанбаймыз деп ойлаймын".
None
None
Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «Атамекен» Одағы Ұлттық экономикалық палатасы төрағасының бірінші орынбасары Екатерина Никитинская білдірді. Оның айтуынша, девальвация қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында күткен шара болды. Дағдарыстың өзіндік классикалық белгілері бар. Дағдарыс біріншіден бағаның төмендеуіне, екіншіден, ақша бірліктерін құнсыздандыруға мәжбүрлейді. Және бұл жағдаймен бүгінгі күні көптеген елдер бетпе-бет келіп отыр. «Көрші елдерде де іштегі инвестициялық жағдайларды түзеу үшін ұлттық валюталарының құнсыздануына жол беріп отыр. Біз бұл қадамға бәрінен кейін бардық. Өйткені, Ресей жүргізген валюталық саясаттың нәтижесінде Қазақстанға ресейлік шикізатты импорттау, ішкі шикізаттарды пайдаланғаннан гөрі әлдеқайда тиімді болып шықты. Бізге бұл үдеріспен күресуге қажет болды. Оның үстіне өздеріңізге мәлім, энергияжеткізушілер, шикізаттар мен тағы да басқа өнімдердің әлемдік бағасы күрт түсіп кетті. Ал оған біздің экономика тікелей тәуелді. Сол себепті инвестициялық үрдістерді ұстап тұру, сонымен қатар оны ынталандыру үшін халықаралық нарықта қолдана бастаған тәжірибені бізде де енгізу қажет болды», - дейді ол.Бүгінде көптеген елдер экономикалық тығырықтан шығу үшін төл валюталарын әлсірету стратегиясын қолдану үстінде. Ұлттық валюта да жаһандық нарықта өзге тауарлар сияқты «тауар» болып табылатыны мәлім. Оның құны елдің орталық банкімен реттеліп отырады. Алайда, әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында ұлттық валютаны бір деңгейде ұстап тұрған экономикалар ұтылыста қалады. Сондықтан, үкіметтер өз валюталарын «еркініне» жібереді. Бұл тұста, сарапшылар, жедел әрі бір жолғы девальвация анағұрлым тиімдірек нәтиже береді деп есептейді. Әріптес елдерде 2008 жылдың басы мен 2009 жылғы қаңтар айыларындағы кезеңде АҚШ долларына қатысты ұлттық валюталары девальвациясының шегі айтарлықтай жоғары көрсеткішке жетті. Ол Ресейде ? 44 пайызды, Беларуссияда ? 28, Украинада ? 53, Ұлыбританияда ? 38, Норвегияда ? 28, Бразилияда ? 31, Австралияда ? 27, Канадада ? 26 пайызды құрады. Е.Никитинскаяның атап көрсеткеніндей, мұндай саясатты қолдану - тұтынушылық сұранысты төмендетіп, дағдарыс жағдайында инвестициялық мүмкіндіктіктерді кеңейте түсуі тиіс. Бұл біраз жағымсыз шара болғанымен, экономикалық тұрғыда мүмкін болған жалғыз жол. «Қазақстанның экспорттық ұстанымдарының әлеуетін ескерсек, бұл саясатты ұзақ ұстанбаймыз деп ойлаймын. Қазіргі жағдай тұтынушыларға да әсерін тигізетіні сөзсіз. Өйткені, ұлттық валютаның басқа халықаралық валюталармен салыстырғанда арасалмағының өзгеруі импортталатын тауарлардың бағасына да ықпал етпей қоймайды. Бұл бағытта Үкімет кешенді шаралар қолдануы тиіс. Менің ойымша, 3-4 аптадан кейін халық арасында девальвацияға қатысты дүрлікпе бәсеңдеп, барлығы өз орнына келеді» - дейді экономист. Сонымен қатар, бұған дейін екінші деңгейлі банктерден тұтынушылық және ипотекалық несие алған азаматтардың келісімшарттарында несиені өтеу құны, болмаса несиенің жалпы сомасы долларға тәуелді етіп көрсетілмесе, оларға девальвациядан үрейленудің еш негізі жоқ. Е.Никитинская «девальвацияға байланысты жылжымайтын мүліктің бағасы қымбаттайды ма?» деген сұраққа: «Үйдің бағасы біріншіден, сұранысқа тікелей байланысты. Бұған дейін жылжымайтын мүлік құнының арзандауы да сұраныс көлемінің төмендеуінен болды ғой. Халық шығындарды қысқартып, үнемдеуге көшудің қажеттілігін жіті түсініп отыр. Сондықтан дәл қазір жылжымайтын мүлікке қатысты нақты болжамдар айту қиын», - деп жауап қайырды. Сондай-ақ ол төл валютаның құнсыздануына жол берудегі басты мақсат отандық тауар өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыру болғандықтан, девальвация бизнес секторына зардап тигізбейтінін, керісінше экспортқа бағдарланған кәсіпорындар, мейлі ол ірі және шағын болсын, олардың инвестициялық мүмкіндіктері арта түсетінін жеткізді. Өйткені, кәсіпкерлердің валюталық табысы теңгемен салыстырғанда анағұрлым жоғарылайтын болады. Ал ішкі өндіріс секторының импортқа қатысты ұстанымдары ғана өзгеруі мүмкін. Тұтынушылық бойынша сыртқы айналымды бәсеңдету түптеп келгенде, қаржының белгілі бір бөлігін еліміз ішінде қолдануға септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде өнеркәсіп саласын жандандыруға үлкен серпін береді деп сеніммен айтуға болады. «Девальвация тіс дәрігеріне бару секілді жанға жағымсыз. Бірақ оған бармасаң сауығып кете алмайсың. Девальвацияны айналып өтуге де болушы еді. Бірақ бізге сыртқы қаржылық жағдайдың ықпалы қатты болды. Сондықтан, бүгінгі күні жұмыстың қарқынын күшейтіп, дамытуға болатын көздерді іздеп-табуға тырысу қажет. Өйткені, өндіріс көлемін арттырған сайын Қазақстанның сырттан ағылатын келеңсіз жәйттарға тәуелділігі азая түседі. Девальвация - дағдарыстың қалыпты сипаты. Оның үстіне дағдарыс әлемдік ауқымда болғандықтан, ол қажет шара. Қазақстан батыс елдері көрген дағдарыстың зардаптарынан аман. Ол елдерде әлемдік деңгейдегі бірнеше ірі банк банкроттыққа ұшырап, ел экономикасы құлдырады», - деп түйіндеді сөзін Е. Никитинская. Елбасының көреген саясатының арқасында Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, сондай-ақ экономикамыз үшін аса ауыр болған 1998-99 жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерді еңсеріп, аяғына нық тұра алды. Бүгінде Қазақстан экономикасы тұрақты, ұлтаралық татулығы жарасқан ел ретінде көптеген шетелдік мемлекеттерге үлгі де болып отыр. Сондықтан, Үкіметтің ұлттық валютаны құнсыздандыру жөнінде қабылдаған шешімі Е.Никитинская айтпақшы, Қазақстанға дағдарыстан сауығып кетуге септігін тигізетін болса, оған сабырмен қараған абзал болар.
Соңғы жаңалықтар