18:44, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Девальвациямен қорғанамыз
АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Нүркен Сәкенов/ - Бүгінде республика халқы үшін зәру тақырып – теңгенің девальвациясы болып отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кету керек, шешім дер кезінде қабылданды. Қазақстан әлемдік дағдарыстың алғашқы соққысынан азаматтардың игілігін сақтау үшін ұлттық валюта бағамын ұзақ уақыт бойы ұстап тұрды. Енді қазір басқа мемлекеттер өз валюталарын девальвациялағасын теңгені жасанды түрде ұстап тұру отандық тауар өндірушілер үшін қауіпті әрі тиімсіз болды. Мысалға, көрші елдер - Ресей, Украина және Беларусті алатын болсақ, олар бұдан бұрын өз валюталарын еркін айналымға жіберген болатын, бұл Қазақстандағы ішкі тауарлар бағасына қысымды арттыра түсті. Енді девальвациядан кейін теңге бағамы төмендеп, импорт қымбаттайды, ал отандық өнімдерге сұраныс жоғарылай түседі. Экспортқа бағытталған салалардың екінші тынысы ашылады. Отандық шикізатты экспорттаушыларға да жеңіл болмақ, өйткені доллармен есептегенде олардың өнімдерінің өзіндік құны арзандайды, сөйтіп, біздің экспорттың бәсекеге қабілеттілігі артады. Девальвация бұрын теңгенің бағамы тұрақты болуына қолдау көрсетіп келген республиканың алтын қорына да игілікті әсер етеді. Доллар күшеюі және шетелдік валюта ағынының қысқаруы алтын-валюта қорының, сондай-ақ Ұлттық қор ақшаларының азаюына әкеп соғар еді, бұл дағдарыс жағдайында қауіпті болмақ.Девальвацияның әлеуметтік ахуалға әсері туралы бөлек айту қажет. Теңге бағамы босатылғаннан кейін Қазақстандық кәсіпорындарға тиімді болары сөзсіз, бұл мыңдаған жұмыс орындарын қысқартудан сақтайды, ұлттық өндірісті қорғайды. Девальвация өндіріс шығындарын арзандату арқылы шағын және орта бизнес пен саудаға да серпін береді, сөйтіп шетелдік өндірушінің жолын жабады. Бюджет саласының абыржуына да негіз жоқ, олардың еңбекақысы барған сайын арта түседі. Зейнетақы жинақтарын сақтау үшін де бұрын-соңды болмаған алдын алу шаралары жүргізілді, Үкімет бұл мақсатқа 1,7 млрд. теңге бөліп отыр. Сөйтіп, еліміздің 80 мыңнан астам зейнеткерінің мүддесі қорғалуына жағдай жасалды. Бұдан басқа зейнетақы қорларының табысты болуы үшін де қосымша шаралар алынды. Олардың қаржылары экономиканың нақты секторына бағытталады, бұл да шапшаң инвестициялық қайтарым берері сөзсіз. Сонымен девальвация анау айтқандай онша қорқынышты нәрсе емес, бұл бар болғаны қазақстандық экономиканы әлемдік дағдарыс қыспағынан алып шығу үшін иммунитетті нығайтуға қажетті қорғану екпесі сияқты нәрсе.