Дэвид Немировски «Барыс» хоккей клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды

Дэвид Немировски
Фото: barys_official

АСТАНА. KAZINFORM - Дэвид Немировски «Барыс» хоккей клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды. 

Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеді.

Канадалық маманмен жасалған келісім-шарт бір жылға есептелген.

Дэвид Немировски Құрлықтық хоккей лигасында 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді. Алдымен «Адмиралда» спорттық директор қызметін атқарғаннан кейін төрт жыл бойы «Торпедо» командасын жаттықтырып, үш мәрте Гагарин кубогы плей-офф кезеңіне шықты. 

Өткен маусымда маман Новосібірдің «Сибирь» командасының бас бапкері болды.

«Бас бапкерді таңдауда Немировскидің кандидатурасына тоқтауға шешім қабылдадық. Оған Астана мен Қазақстан жақсы таныс. Өйткені өзі де кезінде «Барыс» сапында ойын көрсетті. Енді оны басқа қырынан байқап көреміз. Жақында жаңартылған бапкерлер штабын жариялаймыз және алдағы маусымға құрам жасақтауды жалғастырамыз», - деді «Барыс» хоккей командасының бас менеджері Олег Болякин.

Екі жылдан бері елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасында плей-офф сатысына шыға алған жоқ.

Былтыр командада Андрей Скабелка, Ғалым Мәмбетәлиев, Олег Болякин бас бапкер қызметін атқарды.

Еске салсақ, бұдан бұрын шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен жолдастық кездесуде жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар