Дэвис кубогы: Қазақстан құрамасы Таиландқа қарсы матчта есепте алға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Дэвис кубогының екінші әлемдік тобы аясында Қазақстан мен Таиланд құрамалары арасындағы кездесу басталды.
Александр Шевченко Қазақстанды есепте алға шығарды. Ол Максимус Джонспен ойнады. Қазақстандық теннисші бірінші партияда басым түсіп, екіншісінде жеңіліп қалғанымен, шешуші сетте жеңіске жетті – 6:4, 1:6, 7:5.
Екінші кездесуде Тимофей Скатов Касидит Самреймен күш сынасты. Қазақстандық теннисші екі сетте де жеңіске жетіп, матчты 6:4, 7:6 (7:4) есебімен аяқтады.
Осылайша, бірінші ойын күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы есепте 2:0 есебімен алда келеді.
19 қыркүйекте кездесу жұптық матчпен жалғасады. Одан кейін тағы екі жекелей ойын өтеді.
Айта кетелік Елена Рыбакина Қазақстан құрамасына қатысты маңызды мәлімдеме жасаған еді.