Елена Рыбакина Қазақстан құрамасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы әрі әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина биыл Билли Джин Кинг кубогі аясындағы матчтарға қатыспайтынын растады. Бұл туралы Sports.kz жазды.

Елена Рыбакина Қазақстан құрамасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші бұл шешімін маусымның соңғы кезеңіндегі жоғары қарқыннан кейін ағзасына демалыс керектігін, өзін қалпына келтіру қажеттілігі барын түсіндірді. Өткен аптада Рыбакина US Open-2026 турнирінің жеңімпазы атанса, оған дейін Цинциннати жарысында жарақат алған болатын.

— Баршаңызға сәлем! Биыл Билли Джин Кинг кубогінде өнер көрсете алмайтынымды өкінішпен хабарлаймын. Шэньчжэньдегі турнирге қатыса алмайтыныма қынжылып отырмын. Бұл — тамаша жанкүйерлері бар керемет жер. Соңғы бір ай мен үшін өте ауыр болды. Сондықтан қазір толық қалпыма келіп, қайтадан оңтайлы физикалық жағдайға түсуім керек. Осылайша жарыс жолына жақсы дайындықпен оралғым келеді. Қыздарға сәттілік тілеймін! Алға! — деп жазды Рыбакина Instagram Stories парақшасында.

Елена Рыбакина Қазақстан құрамасына қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Экраннан алынған скрин

Еске сала кетейік, Billie Jean King Cup турнирінің финалдық кезеңі 22-27 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Shenzhen Bay Sports Centre аренасында өтеді. 23 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Испаниямен кездеседі.

Елена Рыбакина — WTA рейтингінде әлемнің бірінші ракеткасы атанған Қазақстанның тарихтағы тұңғыш өкілі. US Open-2026 турниріндегі жеңісінен кейін ол ресми түрде әлемдік рейтингтің көшін бастады.

Еске сала кетейік, Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі сәтті өнерінен кейін әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді.

Ол әлемнің бірінші ракеткасы ретінде арнайы жүлде алды.

Елена теннисшілер арасында бірінші болып 2026 жылғы WTA қорытынды турниріне қатысуға кепілдік алды.

Артынша теннисші кәсіби спортшы ретінде қалыптасуына қолдау болған Қазақстанға, барша жанкүйерлеріне алғыс айтқан болатын.