Диас Құзайыровтың риддерлік шенеуніктерге қойған талабына филологиялық сараптама жасалады
Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев риддерлік шенеуніктерден мемлекеттік тілде жауап талап еткен белсендінің ісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Диас Құзайыров деген – азаматтың аты-жөні. Шынымен де, олар Риддерге барған. Өткізген іс-шаралары бойынша, қылмыстық іс тіркелді. Ол қылмыстық істі тіркеудің себебі – сол жердегі азаматтардың арызы. «Құқықтары бұзылды» деп отырған азаматтардың арызы бойынша қозғалған іс. Әлі тергеліп жатыр. Ол іс бойынша арнайы филологиялық, басқа да сараптамалар тағайындалды. Қазір сол сараптамалардың алдын ала тергеудің нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Кінәлері дәлелденсе, анықталса, онда жауапқа тартамыз», - деді Марат Қожаев.
Вице-министр белсендінің қазір бостандықта екенін айтады. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметкерден мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін іс қозғау қаншалықты заңды екенін түсіндірді.
«Талап әртүрлі болады. Кейбір нәрселер орысша айтқанда «манерасына» байланысты. Қандай да бір істерді көтеріп, қандай адамдардың құқықтарын бұзғанына байланысты. Риддердегі азаматтар өздерінің «құқығы бұзылды» деп санап отыр. Іс барысында анықталады», - деді Марат Қожаев.