Димаш дәріптейтін домбыра қадірін қытайлық «импорт» кетіріп жатыр – Жолаушы Тұрдығұлов

АСТАНА. KAZINFORM – 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісі - Ұлттық домбыра күні. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша елімізде домбыра жасауды мемлекеттен қаржыландыру, шеберлерді арнайы қолдау бағдарламалары қарастырылмаған. Тіпті ұлттық аспап жасап шығару көлемі туралы ресми статистика да жүргізілмейді. Дегенмен, мектеп бағдарламасына домбыра сабағын енгізу бастамасының арқасында 26 мыңнан астам баланы қамтитын 650-ге жуық үйірме пайда болған. Осы өзгерістер домбыра жасаушылардың өміріне, кәсібіне қалай әсер еткенін танымал шебер Жолаушы Тұрдығұловтан сұраған едік.

Жолаушы Тұрдығұлов
Фото: Жолаушы Тұрдығұловтың жеке мұрағатынан

- Ұлттық домбыра күні дейтін мереке пайда болғаннан бері 7 жыл өтіпті. Осы айтулы күн алғаш аталып өткенде елдің көкейінде енді төл аспабымызға, оны жасаушы шеберлерге жүйелі қолдау болады деген үміт оянып еді. Сол үміттер ақталды деп ойлайсыз ба?

- Домбыра күні бекітілген кезде біз үшін өте үлкен, жақсы жаңалық болған еді. Шеберлерге деген көзқарас өзгерді. Бұл өзі марқұм Ақселеу Сейдімбек пен Жарқын Шәкәрімдер, көзі тірі Секен Тұрысбек сияқты домбыраға тікелей қатысы бар адамдар айтып жүрген мәселе болатын.

7 жылдың ішінде көп өзгеріс бола қойған жоқ. Бірақ ең бастысы, домбыраға деген көзқарас өзгерді. Оған қызығатын жастардың саны артты. Екі ортада мықты-мықты әншілер, музыканттар өсе бастады. Ән-күй сабағына домбыра пәні енгізілді. Ал Димаш Құдайбергеннің арқасында бүкіл әлем домбыра шерте бастады деуге болады. Төл аспабымызға шетелдіктердің қызығушылығы артқанын көріп отырмыз.

- Жалпы Сіз осы күннің пайда болуынан қандай игілік көрдіңіз? Кейінгі жеті жылда домбыра жасаушыларға, Домбыра жасау индустриясына жүйелі қолдау, қамқорлық артты деп айта аласыз ба?

- Жаппай, жүйелі қолдау болмаса да, Домбыра күнінде жыл сайын он шақты домбыра шеберін шақырып, көрмелер ұйымдастырылып жүр. Алғашқы көрмелерге екі Президент те қатысқан болатын. Қазір ол көрмеге деген назар алғашқы жылдардағыдай емес. Жалпы Домбыра күнін атап өту деңгейі кейінгі жылдары бәсеңси бастағаны рас.

Осы күннен күткен үмітіміздің бәрі ақталды десек, өтірік болар еді. Жекелеген шеберлер құрметке бөленіп, қолдауға ие болғанымен, жүйелі жұмыс бар деу қиын. Жекелеген марапатқа ие болғандардың ішінде өзім де бармын. Осыдан 6 жыл бұрын «Наурыз» ұлттық сыйлығы жарияланды. Соның ішінде домбыра шеберлеріне жеке номинация арналды.

- Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустрияны дамыту аясында қолөнершілерге субсидия тетігі арқылы мемлекеттік қолдау көрсететін нормалар әзірлеп жатыр. Бірақ қолөнершілер қатарында домбыра жасаушылар жоқ сияқты. Сіздерге осы нормалар бойынша хабарласып, кеңес сұраған, ұсыныс сұраған адам болды ма?

- Менің білуімше, жекелеген шеберлер іскерлігінің арқасында, таныстарының қолдауымен мемлекеттен қолдау көрген. 5-6 шебер субсидия алды деп естідік. Оның ішінде Астана іргесіндегі Қосшыда тұратын Нұржан Ділманов бар. Сол сияқты азын-аулақ, бір қолдың саусағымен санап алуға болатын шебер мемлекет таратқан шүленнің дәмін татты деуге болады.

Кейбір домбыра шеберлері Мәдениет саласының үздігі атанып жатты. Оны да жетістік деуге болады. Әйтеуір, ақырын болса да көш алға жылжып жатыр, біртіндеп болса да сең қозғалды деп айта аламыз.

Биыл домбыраға деген назар қайта жақсарғанын сезініп жатырмыз. Өйткені жан-жақтан сұрау салып, іздеп жатқандар көбейді. Министрліктегілер де байланысқа шығып жатыр. Бұл – қуанарлық іс.

- Сонда Мәдениет және ақпарат министрлігі сіздерді биыл ғана іздеп жатыр ма?

- Негізі биылға дейін министрлік тарапынан сондай сұрау болған жоқ. «Мынандай көмек шаралары бар, мынандай мүмкіндіктер бар. Осыны пайдалансыздар ма?» - деп сұраған ешкім болмады. Аяқ астынан біліп қалып, қатысып жатқандар бар. Бірақ ол талпыныстар нәтиже бере қойған жоқ.

- Жалпы Ұлттық домбыра күнін тойлауда, домбыра өнерін қолдауда қандай жүйелі шаралар жетіспей жатыр деп ойлайсыз?

- Бұл күнді тойлауда жүйелі жұмыс бар деп айту қиындау. Оны өздеріңіз де көріп жүрген шығарсыздар. Домбыра күні TikTok сияқты әлеуметтік желіден келетін құттықтауларға «көміліп» қаламыз. Ал енді материалдық тұрғыдан демеу, мысалы шеберхана салғандарға жеңілдік ұсыну сияқты, жүйелі саясат әлі жоқ. Керісінше кейбір әріптестеріміз шеберхана салуға көмек сұрап, біраз табалдырық тоздырғанын білем. Одан да нәтиже шыққанын көрген жоқпын.

Ұлттық домбыра күні үлкен қалаларда, облыс пен аудан орталықтарында жаппай домбыра көрмелерін ұйымдастыру керек сияқты. Халық жақсы домбыраға қол жеткізіп, шеберлер тәжірибе алмасар еді. Домбыраға арналған жалғыз күнде осындай шара өткізуге әр ауданның, әр облыстың қауқары жетеді деп ойлаймын. Тек жоғарыдан сондай нұсқау керек.

- «Үкілі домбыра» байқауы домбыра шеберлерін елеп-ескерудің, қолдаудың бүкіл ауыртпалығын арқалай алады деп айтуға бола ма? Сыйлық қоры 15 мың доллар екен. Бұл байқаудың жүлде қорымен қоса ауқымын үлкейту керек шығар?

- Бұл байқау өзі 1994 жылдан бері бар. Марқұм Өтеген Махмұттың арқасында Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен осы «Үкілі домбыра» конкурсы 6-7 рет өте жақсы деңгейде өткізілді. Соның арқасында мықты-мықты шеберлер пайда болды. Домбыраның сапасы өсіп, стандарты біріздене түсті. Сондықтан бұл байқау өз кезінде біраз ауыртпалықты шешті деп ойлаймын. Кейінгі кезде атауы өзгеріп, «Қоңыр домбыра», «Қара домбыра» деп өткізіліп жүр. Олар да жаман жоқ. Жас буынды жарыққа шығарып жатыр. Шеберліктің дәмін енді татып келе жатқан жастардың ортасы пайда болды. Аға буынмен етене араласып, тәжірибе алмасып жатыр. Оның бәрі біздің ортаға ауадай қажет дүниелер. Әрине, «Үкілі домбыра» аты бар ауқымды конкурс үшін 15 мың доллар жүлде қоры деген аз. Бірақ бұл байқаулардың басты мәні жүлде қорында емес, шеберлер ортасы қалыптасып, өзара байланыстың артуында. Осының арқасында бәсеке артып, сапа өсіп жатыр.

Мемлекет бастаманы жақсылап жолға қойды ғой, бірақ соны іліп әкететін жекелеген демеушілер болмай жатқан сияқты.

- Бұдан да қалталы азаматтардың арасында ұлттық өнерге бүйрегі бұратындар аз екенін көреміз дейсіз ғой?

- Иә. Болашақта ірі бизнес өкілдері, меценаттар осындай байқауларға демеуші болса деп ойлаймыз. Бізде ол жағы өте нашар. «Үкілі домбыраға» демеуші болыңыз десең, ат-тонын ала қашады. Ал алыстан немесе іргедегі елден бір әртіс елетін болса, құрақ ұшып жүгіреді, ақшасын шашады. Дәл сол «атымтай» ұлттық өнерге келгенде «сараң бай» бола қалады.

- Бір сөзіңізде Димаш Құдайбергеннің арқасында шетелдіктердің домбыраға қызығушылығы артты дедіңіз ғой. Шетелдіктерден түсетін тапсырыс артты ма сонда?

- Шетелдіктерде сұраныс өскені анық. Бірақ олардың қолына нағыз шебердің қолынан шыққан домбыра түсіп жүр ме? Бұл - өз алдына бөлек әңгіме. Домбыра нарығында импорт домбыралар көбейіп кетті. Қарақалпақстанда, Қырғыз Республикасында, Қытайда жасалған домбыраның көшірмелері базарда толып тұр. Бағасы 5-6 мың теңгеден басталатын «домбыралар» өте көп. Тіпті іздеген адам 2-3 мың теңгелік домбыра да таба алады. Арзан болғандықтан, сатып алу конкурстарында осындай жеткізушілердің бағы жанып кетеді. Шетелден келген қонақтардың қолына осындай арзан домбыра ұстатып жіберіп жатқанымыз жасырын емес. Ондай аспап қолына тиген шетелдіктердің санасында «Әлгі Димаштың дәріптеп жүргені осы ма сонда?!» дейтін түсінік қалыптасып жатыр-ау деп алаңдаймын. Ондай арзан домбыралардың үнін айтпағанның өзінде материалының сапасы, кейіп-кеспірі сын көтермейді.

Жолаушы Тұрдығұлов
Фото: Жолаушы Тұрдығұловтың жеке мұрағатынан

- Нағыз шеберлерге шетелдік арзанқол өнімдермен бәсекелесу қиын дейсіз ғой?

- Негізі Ұлттық домбыра күні бекітілгеннен бері домбыраға мекемелер тарапынан тапсырыс өсті. Басында науқаншылдықпен импорт домбыраларды жаппай сатып алатындар көп болатын. Қазір арадағы айырмашылықты көріп, шетелдік домбыраларға қызықпайтындай деңгей қалыптасты. Бұрын домбыра шабу жақсы мағынасындағы өлермендер мен аты шыққан, жеке бренді бар шеберлердің ғана ісі болатын. Қазір шеберлердің саны артты. Сан артқан жерде сапа да артады. Кейінгі жылдары өзіміздің шеберлер жасаған дүние нарықтағы сапасыз импортты ығыстыра бастаған. Енді шетелдік бәсекелестеріміз де сапаға мән бере бастады. Бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін. Дегенмен бәсеке болғанынан ешкім ұтылмайтын шығар.

- Домбырашылар одағы деген ұйым бар екен. Ал домбыра шеберлерінің қауымдастығы бар ма?

- Иә, Домбырашылар одағы деген ұйым бар. Олардың өз бағдарламасы, жұмыс жоспары бар шығар. Біз орлармен көп араласпаймыз. Ал Домбыра шеберлерінің одағы енді құрылайын деп жатыр. Біз үшін бұл да - қуанатын жаңалық. Осы күнге дейін басымыз қосылмай келді. Шеберлердің әркім «өз қотырын өзі қасып» жүре берсе, ісіміз толыққан индустрия болып қалыптаспайтынын, сапа жағынан даму болмайтынын бәрі түсінді. Бұл бір жағынан аспаптардың бағасын тұрақтандырып, нарық заңы бойынша реттеуге де жол ашар еді. Оның сыртында домбыраның дизайны, өлшемі бір қалыпқа келу керек. Осы бағыттарда одақ аясында келелі жұмыс атқарсақ деген ниетіміз бар. Қысқасы, болашақ одаққа зор үміт артып отырмыз.

- Әңгімеңізге қарасам, домбыра шеберлерін ең қинайтыны шеберхана мәселесі сияқты ғой...

- Әрине, әр шебердің өз шеберханасы болу керек. Бірақ ондай мүмкіндік ілуде біреуінде ғана бар. Көбі көшіп-қонып жұмыс істеуге мәжбүр. Көбінің баспанасы да, шеберханасы да - бір ғимарат. Әрбір үлкен қалада үлкен орталықтар болса деп армандаймыз ғой. Одақ құрылса, осыған күш салатын шығармыз.

Домбыраның ағашын табу деген бөлек әңгіме. Әр шебер өз мүмкіндігіне қарай әлемнің әр қиырынан материал алғызып жүр. Ал жеке-жеке берген шағын ауқымдағы тапсырыстың шығыны көп. Қауымдастық ретінде бір жылдық материалды белгілі бір нүктеден көтерме бағамен алғызсақ, бәрімізге тиімді болатын еді. Осының бәрін үйлестіретін Бас орталық керек. Ол жерде түрлі эксперимент жасауға болады. Домбыраның ішегін қандай материалдан жасаймыз? Қайтсек, кезінде Байжігіт пен Кетбұға, Құрманғазы мен Дина ұстаған төл домбыраның ішегіне жақын материал жасауға болады? Қай ағаштан шабылған домбыраның үні «қазақша» болады? Осындай мәндегі жауабы жоқ сұрақ көп. Ол сұрақтардың жауабын түрлі эксперименттер ғана бере алады. Одақ аясында кеңес құрып, осы эксперименттердің қорытындысы бойынша нұсқаулар, ұсынымдар шығарып отыруға болады. Мұның бәрі қазақ домбырасының ұлттық стандартын түзетін дүниелер ғой.

Домбыраны нарыққа сертификаттау арқылы да шығарып отыруға болады. Бұл бір жағынан нағыз домбыра мен көшірме импортты оңай ажыратуға септігін тигізеді. Екінші жағынан әлеуметтік желідегі жылтырақ жарнамаға алданып, сапасыз домбыраға ұрынып жататын адамдардың мәселесін шешеді. Өйткені қазір интернет арқылы алдырған домбыраның сапасына ешқандай кепілдік жоқ. «Тауары» өткен соң телефонын көтермей қоятындар бар екенін естіп жүрміз. Мұндай тапсырыстың бәрін бір орталық арқылы үйлестіріп отыруға болады. Өйткені сапасына көңілі толмаған адам ақшасын талап ететін нақты бір мекеме болу керек.

Жолаушы Тұрдығұлов
Фото: Жолаушы Тұрдығұловтың жеке мұрағатынан

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, қасиетті аспабымыздың күмбірін бүкіл әлемге паш етіп жүрген азаматтарға алғыс айтты

Соңғы жаңалықтар