Димаш Құдайберген: Халық мұрасын насихаттау — шығармашылығымдағы маңызды бағыт
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Димаш Құдайберген Алматыда өтіп жатқан фан-кездесуінде жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап берді.

Кездесу барысында Димаш жақында жарыққа шыққан «Тау ішінде» бейнебаяны туралы айтты.

— «Тау ішінде» адамның табиғатпен үндестігін, жан тереңдігін, сағынышты жеткізетін ұлы туынды. Бұл әннің авторы — қазақ ақыны әрі жазушысы Сәкен Сейфуллин. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, руханиятының негізін қалаушылардың бірі. Осы ән арқылы мен сол бір сезімнің сұлулығын, тазалығын бүгінгі тыңдарманға, артымыздан өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа заманауи бағытта жеткізгім келді. Осы бейнебаянға өзгеше бағыт таңдадық, жеңіл комедия болсын дедік. Халықтың мұрасын қазіргі аудиторияға жақындату — менің шығармашылығымдағы маңызды бағыттардың бірі, — деді ол.
Сондай-ақ өнерпаз аустралиялық жанкүйерінің: «Өзіңізді актер не режиссер ретінде көресіз бе?» - деген сұрағына жауап берді.

— Айтарым, мен әншімін. Мүмкін болашақта актерлікті қарастырып көремін. Бірақ қазір менің бар назарым ән мен музыкада, — деді Димаш Құдайберген.

Халық сүйіктісі тағы бір сұраққа жауап бере отырып, өмірлік ұстанымдары туралы айтып өтті.
— Ата-анама қарыздар болып өту, Отанға деген сүйіспеншілік, тілге деген құрмет, халыққа деген құрмет. Мені әрбір байқауларда, концерттерде азды-көпті жеңістерге жетіп жүрген кезде әкем (атасы - ред.) күнде бір-ақ нәрсені қайталап: «Сенің кеудеңе нан піспегені ұнайды» - деп отыратын. Сондықтан әрбір айтылған сөздері жадымда қалды. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын, — деді Димаш Құдайберген.
Бүгін Димаш Қытай телеарнасы көрсететін әншілер байқауының продюсері болатынын хабарлады.
Бұған дейін Димаштың бүгінгі фан-кездесуіне 40-тан астам елден жанкүйерлер келгенін жазғанбыз.
Осы айда Димаш Құдайберген белгілі қазақ ақыны әрі жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірілген жаңа бейнебаянның тұсауын кесті.