Димаш Құдайберген ІІ Еуропалық ойындардың ашылу салтанатында өнер көрсетеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Димаш Құдайберген Минскіде өтетін ІІ Еуропалық ойындардың ашылу салтанатында өнер көрсетеді. Бұл туралы әнші Instagram-дағы жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жақында жаңа әннің премьерасы болады. II Еуропалық ойындардың ашылу салтанатында кездескенше...», - деп жазды ол Instagram желісінде.
ІІ Еуропалық ойындар спорттық шарасының ашылу салтанаты алдағы маусым айының 21-і күні өтеді. Жарысқа Еуропаның 50 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысатыны күтіледі.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген өзінің алғашқы альбомы 14 маусым күні жарыққа шығатынын жариялаған еді. Әнші осы күндері 29 маусымда елордада өтетін «Арнау» атты жеке концертіне дайындық үстінде. Жақында музыкалық кештің видеожарнамасы жарияланды.
Әлихан Асқарұлы