Димаш Құдайберген туралы «Шексіз музыка» атты кітап жарыққа шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық танымал әншінің шығармашылық жолына арналған жаңа бірегей басылым – «Димаш Құдайберген: Шексіз музыка» атты кітап-альбомды көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туралы dimashnews.com жазды.
Өнері жылдар бойы әлемнің түрлі өңіріндегі тыңдармандарды біріктіріп келе жатқан әртістің кәсіби қалыптасуы осы еңбекте жан-жақты қамтылған.
Көлемі 289 беттен тұратын альбом Димаштың шығармашылық қызметіне көпқырлы көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Басылымға архивтік фотосуреттер, концерттерден алынған материалдар, сондай-ақ орындаушының жеке естеліктері мен түсіндірмелері енгізілген. Бұл деректер оқырманға әртістің кәсіби дамуын кезең-кезеңімен бақылап, бұрын жарияланбаған шығармашылық сәттерімен танысуға мүмкіндік береді.
Кітап құрылымы музыканттың өмір жолы мен кәсіби өсуіндегі негізгі кезеңдерді сипаттайтын тақырыптық бөлімдерден тұрады. Онда орындаушының халықаралық деңгейде танылуы, оның отбасы мен өнерпаздық бастаулары, әлемнің аса ірі концерттік алаңдарындағы өнер көрсетуі, мәдени жобаларға қатысуы, тыңдармандарымен байланысы және шығармашылық жолы туралы тараулар қамтылған. Сонымен қатар басылымда сахна сыртындағы жұмыс үдерісі мен маңызды оқиғалардың хронологиясына арналған арнайы бөлімдер берілген.
Басылым қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылғандықтан, әртүрлі аудиторияға қолжетімді әрі қазақстандық мәдениеттің кеңінен таныстырылуына септігін тигізеді.
Кітап қазіргі уақытта «Алматыкітап баспасы» фирмалық дүкендеріне түсті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің «Grammy Global Spin» халықаралық жобасына қатысқанын жазғанбыз.