Димаш Құдайберген Вьетнамдағы музыкалық фестивальде ән шырқайды

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 6 желтоқсанында Қазақстанның халық артисі Димаш Құдайберген Вьетнамның 8WONDER Winter 2025: Symphony of Stars атты ең ірі мәдени фестивалінде өнер көрсетеді. 

Димаш Құдайберген Вьетнамдағы музыкалық фестивальде ән шырқайды
Фото: DimashNews

DimashNews сайтының мәліметінше, 8Wonder Winter 2025 – Symphony of Stars музыкалық фестивальдер сериясының бесінші маусымын ашады.

Ханой халықаралық көрме орталығының сахнасында географиялық шекараларды еңсеріп, музыканың ортақ тілі арқылы мәдениеттерді тоғыстырған әлемдік және вьетнамдық жұлдыздар өнер көрсетеді.

Олардың қатарында:

Алиша Киз – 17 «Грэмми» сыйлығының иегері, әлемге әйгілі музыкалық икона;

Ван Май Хыонг – Вьетнам жұртшылығының сүйікті баллада орындаушысы;

Димаш Құдайберген – бүкіл әлем тыңдармандарын таңдандырған ерекше диапазон иесі, ғаламат дауысты әнші;

Aespa – жуырда «Rich Man» мини-альбомын шығарған музыка мен технологияның тоғысын бейнелейтін 4-буынның үздік K-pop тобы;

HIEUTHUHAI – миллиондаған қаралым жинаған рэп-орындаушы, «Anh trai Say Hi» шоуының жеңімпазы;

MAYDAYS – «Phép Màu» атты хитымен танылған инди-музыкадағы жарқын жаңа есім.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Фестивальге арналған билеттердің сатылымы 24 қазаннан басталады. Оларды VinWonders.com, Ticketbox, Klook.com және Trip.com сайттарынан сатып алуға болады.

Еске сала кетейік, осыған дейін Димаш Құдайберген Мысырда өтетін «The Pyramids Echo» фестивалінде өнер көрсететінін хабарлағанбыз. 

Соңғы жаңалықтар