Димаш Құдайбергеннің «Stranger» концерттік туры әлемнің 13 елінде өтті

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан – Армения – Венгрия – Қытай – Малайзия – Түркия – Чехия – Германия – АҚШ – Мексика – Испания – Ұлыбритания – Латвия» – Димаш Құдайбергеннің «Жаһанкез» атты шығармашылық сапары 2022 жылы Алматы қаласында басталып, елдер мен құрлықтарды аралай келіп, 2025 жылы Ригада мәресіне жетті. 

Димаш Құдайбергеннің «Stranger» концерттік туры әлемнің 13 елін бағындырды
Фото: dimashnews.com

Ағылшын тілінен аударғанда «Stranger» атауы бірнеше мағынаны білдіреді, әрі олардың барлығы үш құрлықты қамтып, 13 елде көрсетілген бұл ауқымды шоуға мазмұндық тұрғыдан толық сәйкес келеді.

Турға атау болған ән мәтініне сүйенсек, «Жаһанкез» атауы ең дәл әрі мағыналық тұрғыдан орнықты нұсқа екені анық.

Димаш
Фото: dimashnews.com

«Жаңа жер — көзім жеткендей,
Жаңа жер — табанымның астында.
Бөгде елдегі жолаушы –
Өзімді тануға берілген жаңа мүмкіндік…»

Сонымен қатар, шетелдік көптеген бұқаралық ақпарат құралы бұл атауды «Бейтаныс»деп түсіндіріп жүр. Себебі тур аясында Димаш бірқатар елдерге алғаш рет барды.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Осы атауларды өзара сабақтастыра отырып және Димаштың өз сөздерін еске алсақ, алыс теңіз бен мұхиттың ар жағындағы бұл сапардың негізгі мақсаты — туған елінің мәдениетін мүмкіндігінше кең аудиторияға таныстыру екені айқындалады.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Әдеттегідей, турды Қазақстаннан бастаған өнерпаз музыка арқылы өз миссиясын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ол музыканы терең сезінетін, бірлік пен бейбітшілікке ұмтылатын, шынайы әрі артық сентиментализмнен құралмаған махаббатты көруге және тыңдауға ниетті жандарды біріктіретін ерекше рухани орта қалыптастырады.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Тур бағдарламасының қалай жасалатыны жөнінде Димаштың ата-анасы — Қанат және Светлана Айтбаевтар баяндады.

Олардың айтуынша, шоу концепциясын ең алдымен Димаштың өзі айқындайды. Ол концертке таңдалған шығармаларды ескере отырып, бағдарламаны өз режиссерлік көзқарасына сай құрастырады. Одан кейін режиссерлік топ іске кірісіп, идеялар жан-жақты талданып, нәтижесінде дайын жоба қалыптасады.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Тур аясындағы алғашқы концертті дайындау барысында шығармашылық, техникалық және ұйымдастырушылық топтардан тұратын 200-ден астам адам жұмылдырылған. Алматы мен Астанада техникалық жабдықтарды орнату жұмыстарына ғана жүзден астам маман қатысқан. Ал костюм шеберлерін, волонтерлерді және өзге де сала қызметкерлерін есепке алғанда, мұндай концерттерге шамамен 400 адам тартылған.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Шетелдік концерттерді ұйымдастыру жұмыстары концерт өтетін уақыттан 7–9 ай бұрын басталады. Бұл ретте қабылдаушы елдің заңнамалық талаптары мен менталитеттік ерекшеліктері ескеріледі. Гастрольдік құрам Қазақстаннан, Испаниядан, Ресейден, Кубадан, Германиядан және Қытайдан аттанатын музыканттардан, концерт әкімшілерінен, техникалық персоналдан тұрады. Бұлар — өз ісінің кәсіби, тәжірибеден өткен мамандары. Ал концерт өтетін елдің өзінде промоутерлер мен концерт алаңы қызметкерлері қосылып, шамамен 200 адамнан құралған біртұтас команда қалыптасады.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Концерттен кейін жазылған пікірлердің бірінде: «Димаштың мұны қалай жүзеге асыратыны түсініксіз, бірақ әрбір жаңа концерті — жаңа бір өмір секілді» делінген. Шынында да, шоудағы белгілі бір сәтті атап өтсеңіз, Dears жанкүйерлері оның қай қалада, қай концертте болғанын бірден айта алады.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Баласын қолына алған күйде орындалған «Знай» — Анталияны еске түсіреді. 11 жастағы Габриэланың орындауындағы «Ave Maria» — Дюссельдорфтағы әсерлі сәттер. Ал Димаштың алғашқы әуе акробатикасы — Астанада орындалған «Любовь уставших лебедей».

Димаш
Фото: dimashnews.com

Үш жыл ішінде Димаштың концерттерінде көптеген танымал қонақтар болды. Қабылдаушы елдің құрметті қонақтары ретінде Халук Левент, Сити Нурхализа, Бурак Йетер өнер көрсетті. Нейтан Вангпен бірге Димаш алғаш рет сахнада Джеки Чанның «Авангард» фильмінің саундтрегі — «Happy» әнін ұсынды. Ренат Гайсинмен бірге «Қайран елім» композициясы арқылы көрерменді күрделі тарихи естеліктер әлеміне жетеледі. Ал Madison Square Garden сахнасында Уолтер Афанасьев «Love’s not over yet» әнін орындап, әртіске сүйемел жасады.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Көптеген концертте көрермендер Димаштың авторлық әндерінің премьерасына куә болды: Алматыда — «The Story of One Sky» және «El Amor En Ti», Гонконгта — «When I’ve Got You» мен «Smoke», Астанада — «Fire», Нью-Йоркте — «Самғау» және «Living For The Game» туындылары шырқалды.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Сондай-ақ, әртіс кейбір қалаларда жергілікті тыңдармандарды қабылдаушы елдің тіліндегі әндермен қуантты: Ереванда — «Сарери овин мернем», Ыстамбұлда — «Gesi Bağlari», Барселона мен Мехикода — «Besame mucho».

Димаш
Фото: dimashnews.com

«Сіз жанкүйерлерге қаншалықты тәуелдісіз?» деген сауалға Димаш былай деп жауап берді.

— Қарапайым тілмен айтқанда — максималды түрде. Кез келген әртіс үшін, соның ішінде мен үшін де, көрерменсіз бұл кәсіптің мәні жоқ екенін түсінемін. Мен неоклассика жанрындағы бағытымды сақтай отырып, әртүрлі стильде, түрлі бағытта ән айтамын. Музыкамның жаппай қалай қабылданатынына аса қатты тәуелді болуға тырыспаймын, себебі ол белгілі бір деңгейде өзіндік ерекшелігі бар музыка. Барша көрерменге мені барлық істе қолдап жүргендері үшін алғыс айтамын. Мені сіздермен қауыштырғаны үшін Аллаға мың шүкіршілік айтамын, — Димаш Құдайберген.

Димаш
Фото: dimashnews.com

2025 жылы Димаш Қытай, Қырғызстан, Вьетнам сияқты елдерде концерт беріп, Алматы мен Ақтауда жерлестерімен кездесті.

Сондай-ақ алғаш рет Африка құрлығына — Мысыр еліне табан тіреді. Бұл — алдағы жолдың ашық екенін, алда талай тың әрі маңызды шаралардың тұрғанын білдіреді.

Соңғы жаңалықтар