Димаш Лара Фабианның Лондондағы концертінде арнайы қонақ ретінде өнер көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — «Adagio» атты бүкіл әлемге танымал әйгілі әндердің бірін Лара қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенмен бірге орындады, деп жазады Dimashnews. 

Димаш Құдайберген Лара Фабианның Лондондағы концертіне арнайы қонақ ретінде өнер көрсетті
Фото: dimashnews.com

3 маусымда Лондонның әйгілі OVO Arena Wembley алаңында әлемдік музыканың аңызына айналған Лара Фабианның «Voices» әлемдік турнесінің аясында жеке концерті өтті.

Әншінің көрермендердің сүйіктісіне айналған шығармалары кешті әсемдікке, сұлулыққа және жарқын эмоцияларға бөледі.

«Adagio» атты бүкіл әлемге танымал әйгілі әндердің бірін Лара қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенмен бірге орындады.

— Өмірімде естіген ең әсерлі, алып, күшті дауыстардың бірі. Оның бүгін бізбен бірге ең қиын әндердің бірін орындауы бізге жасаған нағыз сый-сияпат болды, — деп Лара Димашты таныстырды.

Димаш Лараны керемет концертімен құттықтап, үлкен қызыл раушан гүл шоғын сыйға тартты.

Димаш Құдайберген Лара Фабианның Лондондағы концертіне арнайы қонақ ретінде өнер көрсетті
Фото: dimashnews.com

— Осында, сіздердің алдарыңызда тарихтың ең ұлы әншісі Лара Фабианмен бірге өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе, — деп Димаш қойылымнан кейін кеш иесіне алғысын білдірді.

Димаш пен Лара Фабианның серіктестігі — қытайлық «Singer» жобасында Димаштың «Adagio» әнін орындаған сәтінен басталған. Ол осы турда 1-ші орынмен қатар көптеген көрерменнің алғысына ие болған еді. 2017 жылы Димаштың сол өнерінен кейін Лара Фабиан «Adagio» құрлықтардың төрт бұрышын аралап жүр… «Singer» телевизиялық байқауында өнер көрсеткен Димаш Құдайбергенді шын жүректен құттықтаймыз» деген еді.

Димаш Құдайберген Лара Фабианның Лондондағы концертіне арнайы қонақ ретінде өнер көрсетті
Фото: dimashnews.com

Әртістердің ортақ шығармашылық жолының жалғасы ретінде композитор Игорь Яковлевич Крутойдың «Любовь уставших лебедей», «Знай», «Мадмуазель Хайд» әндері болды.

Димаштың Лондондағы «Stranger» жеке концерті 2025 жылдың 12 қарашасында OVO ARENA WEMBLEY-де өтеді.

Айта кетелік Димашпен кездесу үшін Лондонда жанкүйерлер ұзын-сонар кезекке тұрғаны жайлы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар