Димаш өзі оқыған мектебіне барып, ұстаздарын қуантты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген туған жері Ақтөбе қаласына барған болатын. Ол туған жерінде клип түсіретінін айтып, жанкүйрелерін қуантып қойған еді. Ал бүгін өзі білім алған мектебіне табан тіреп, ұстаздарына амандасты.

Димаш өзі оқыған мектебіне барып, ұстаздарын қуантты
Видеодан алынған скрин

— Мектеп — балалықтың мекені, ал ұстаз — сол шақтың ең жарқын шамшырағы. Бүгін № 32 мектеп-гимназиясына барып, мені тәрбиелеген ұстаздарыммен қауыштым. Уақыт өзгереді, адам өседі, бірақ ұстазға деген құрмет пен мектепке деген сағыныш ешқашан өзгермейді, — деп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасына.

Жақында танымал әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында өткен Stranger концертіне арналған деректі фильмнің трейлері жақын күндері жарияланатынын мәлімдеді.

Бірнеше күн бұрын «Димаш Құдайберген және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті?» атты кітабының авторы Эстер Ульмани Ақтөбеге келді. Әншінің швейцариялық жанкүйерін ұстаздары мен мектеп оқушылары күтіп алды.