Димаш сынды адамдар жасанды интеллектіні қолданбайды — WIPO бас директоры

АСТАНА. KAZINFORM — Генеративті жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды. Мұндай пікірді Астана халықаралық форумы аясында өткен «Жасанды интеллект дәуіріндегі зияткерлік меншік» сессиясында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) бас директоры Дарен Танг айтты.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Кейбіреулер Қазақстанды білмеуі мүмкін. Бірақ, Димашты анық біледі. Ол — таңғажайып әнші. Таңғаларлық октавада ән салады. Димаш сынды адамдар жасанды интеллектіні қолданбайды. Олар қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын пайдаланады. Өз дауысымен өнер көрсетеді. Бұл саладағы кей адамдар жасанды интеллектіні аниме сынды дүниелер жасауға қолдануы мүмкін. Зияткерлік меншік дамып, дәстүрлі жасанды интеллекті мен заманауи технологияларды біріктіріп отыр, — деді ол.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның айтуынша, оқыту тілі және жасанды интеллект жасайтын дүниелер соңғы 20-30 жылда дами түсті.

— Сондықтан барынша абай болған жөн. Бұл технологияларды жаңа дүние ретінде қараудың реті жоқ. Адамды алмастыратын Құдай сынды қарастыру да жөнсіз. Генеративті жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды. Әрине, ол адамды креативтілікке үйретуі мүмкін. Мәселен, генеративті жасанды интеллект Пикассоны алмастыруы мүмкін емес. Сол себепті генеративті жасанды интеллектіні құрал ретінде ғана қарастыруға тиіспіз. Кейбіреулер маған «жасанды интеллекті түбегейлі өзгерді, біздің орнымызды басады» деп жатады. Меніңше, оның ауылы әлі алыс, — деді Дарен Танг.

Айта кетейік, елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. 

Іс-шараны ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді қолдайтынын айтты.

Соңғы жаңалықтар