Димашпен кездесу үшін Лондонда жанкүйерлер ұзын-сонар кезекке тұрды
АСТАНА. KAZINFORM — Лондонда жанкүйерлер Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергенмен кездесуге қатысу үшін кезекке тұрды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстандық әнші Лара Фабианның концертінде арнайы қонақ ретінде өнер көрсетті, ал бүгін өз жанкүйерлерімен кездеседі. Кездесу Лондондағы Hilton London Wembley қонақүйінің Grand Ballroom залында өтеді.
— Мен өмір бойы Димаштың жанкүйері болып жүрген секілдімін. Мен оны шын жүрегіммен жақсы көремін. Ол бізді жүрегімен де, жанымен де баурап алады! Бұл — әлемдегі ең үздік дауыс әрі әлемді өзгертіп жатқан адам. Біз оған шексіз ризамыз, — деді Калифорниядан келген Димаштың жанкүйері Глория Макюн.
Еске сала кетейік, 3 маусым күні Димаш Лондонда Лара Фабианның концертінде арнайы қонақ ретінде өнер көрсетті. Шоу Ұлыбританиядағы ең ірі ареналардың бірі — OVO Arena Wembley сахнасында өтті.