Димаштың бүгінгі фан-кездесуіне 40-тан астам елден жанкүйерлер келеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін Димаш Құдайберген Almaty Arena-да жанкүйерлерімен жүздеседі. Фан-кездесуге 8 мыңға жуық адам жиналмақ. Одан бөлек, 40-тан астам мемлекеттен Димаштың өнерін сүйетін тыңдармандар келеді деп жоспарланған.

Димаш Құдайберген
Фото: dimashnews.com

Көптен күткен кездесуге ұйымдастырушылар қалай дайындалып жатыр? Жанкүйерлерді не күтіп тұр? «Бүгін LIVE» бағдарламасы тікелей эфирде дәл осы сұрақтарға жауап берді.

Димаштың фан-кездесуі
Фото: видеодан алынған скриншот

— Алғашында бұл жай фан-кездесу болады деп жоспарланған. Бірақ арты үлкен концертке ұласып жатыр. Сондықтан аяқ астынан қызу дайындықты бастап кеттік. Бүгін керемет кеш болады. Димаш жанкүйерлерімен біраз сұхбаттасады. Жан-жақтан келген тыңдармандардың сұрақтарына жауап береді, — дейді концерт режиссері.

Назгүл Қарабалина бүгінгі кеште Димаштан бөлек тағы қандай жарық жұлдыздар өнер көрсететінін айтты.

Димаштың фан-кездесуі
Фото: видеодан алынған скриншот

— Бүгін біраз кеш қонақтары бар. Димаш өзі сахнаға бірге шығайық деп арнайы еліміздің жарық жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Sadraddin, Kesh You тобы, Ақбота-Нұр, Ернар Амандық, Дастан Оразбеков сынды өнерпаздарды шақырды, — дейді ұйымдастырушы.

Естеріңізде болса, өткен жылы қарашада Димаш Құдайбергеннің Stranger атты концерттік шоуы өткен еді. Дәл сол кештің фильм нұсқасы 27 мамырдан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Ұйымдастырушылар бүгінгі шарада осы кинотуындыға акцент берілетінін айтады.

Айта кетейік, бірер күн бұрын Димаш Құдайбергеннің Польшадағы жанкүйерлері әншінің туған күніне орай ағаш отырғызды.

Одан бөлек, Бразилияда Димаштың суретімен безендірілген автобустар пайда болды

 

Соңғы жаңалықтар