Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Димаштың Испаниядағы фанаттары 18 мыңға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы Испанияның беделді басылымдарының назарын тағы аударды. Елдегі ең ірі ұлттық газеттердің бірі — El Mundo жаңа санының мұқабасына қазақстандық әншінің суретін жариялап, оның шығармашылық жолы мен халықаралық танымалдығына арналған көлемді мақала шығарды.

Димаштың Испаниядағы фанаттары 18 мыңға жетті
Фото: Dimashnewskz

Мақала авторы, журналист Ракель Р. Инсертис Димаштың Испаниядағы ресми фан-клубының мүшелері Мария Хосе, Кристина, Льюиса және Агустинмен сөйлескен. Олардың әңгімелері арқылы басылым Димаштың музыкасы әртүрлі жастағы және түрлі салада жұмыс істейтін адамдарды қалай біріктіргенін баяндайды. Жанкүйерлердің айтуынша, әншінің шығармашылығы оларды әлемнің әр түкпіріне саяхаттауға ынталандырып, Қазақстанның мәдениетімен жақынырақ танысуына себеп болған.

Басылым Димаштың алғашқы шығармашылық жетістіктерінен бастап, 2017 жылы Қытайдағы Singer шоуына қатысуы мен одан кейінгі халықаралық танымалдығына дейінгі жолына тоқталған. El Mundo әншінің ерекше вокалдық мүмкіндіктерін, түрлі музыкалық жанрларда еркін өнер көрсету қабілетін және шетелдегі тыңдармандарының жыл сайын артып келе жатқанын атап өткен.

El Mundo Испаниядағы Dears қауымдастығына да ерекше назар аударған. Басылымның мәліметінше, Димаштың ресми фан-клубында жүздеген адам бар. Ал интернеттегі қауымдастықтың саны шамамен 18 мың қатысушыға жеткен.

Жанкүйерлердің бір бөлігі Димаштың шетелдегі концерттеріне тұрақты түрде барып тұрады. Олар әншінің концерттері үшін түрлі елдерге сапар шегуді әзілдеп «Димаш туризмі» деп атайды.

Мақалада режиссер Давид Коллантестің Димаштың Испаниядағы жанкүйерлеріне арналған «Al compás de su voz» («Оның дауыс ырғағымен») деректі фильмі де сөз болған.

Фильмде Димаштың музыкасы әртүрлі елдерден шыққан адамдарды қалай жақындастырғаны және олардың өмірінің маңызды бөлігіне айналғаны көрсетіледі. Деректі картинаның көрсетілімі қыркүйек айына жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Димаш DiMENSIONS атты жаңа әлемдік турнесін жариялағанын хабарлаған едік.