Димаштың Қазақстанда түсірілген халықаралық жобасы Қытайда көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM – 5 ақпанда Қытайдың Hunan TV телеарнасында халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының ресми премьерасы өтеді. Жобаның түсірілім жұмыстары толықтай Қазақстан аумағында жүргізіліп, елдің алты өңірін қамтыды.

Құдайберген
Фото: dimashnews.com

Қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, жоба 2026 жылғы 5 ақпаннан бастап әр бейсенбі күні сағат 22:00-де Қытайдың Hunan TV телеарнасы мен Mango TV онлайн платформасында қатар көрсетіледі.

Жоба Қытаймен қатар елімізде де «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі.

Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірлесіп жүзеге асырылды. Voice Beyond Horizon 6 елден келген орындаушылардың басын қосып, Қазақстанның табиғи ерекшелігі мен туристік әлеуетін халықаралық аудиторияға танытуды мақсат етеді.

Түсірілімдер Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында өтті. Жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің өнерпаздары қатысты. 2025 жылдың қыркүйек айында қатысушылар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өткен.

Бағдарлама бағытына көне Түркістан қаласы, Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалы, Каспий теңізінің жағалауы, Қайыңды мен Көбейтұз көлдері, Саты ауылы, Қапшағай су қоймасы және Щучинск-Бурабай курорттық аймағы енді.

Kazakh Tourism-нің хабарлауынша, жобаның Қытайдағы аудиториясы 1,9 млрд адамды қамтиды. 

Жобаны ұйымдастыруға «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Астана мен Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері қолдау көрсетті. Демеушілер қатарында «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтын Алмас» компаниялары және Нұрлан Смағұлов қоры бар.

Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасының түсірілімдері Түркістан облысында басталғанын хабарлаған едік.

                                                                                                   Ажар Шыныбай, студент

Соңғы жаңалықтар