Димаштың мексикалық жанкүйерлері «Қазақстан!» деп ұрандатты

АСТАНА. KAZINFORM — Меридада Димаш Құдайбергеннің концерті қарсаңында Dears кездесу өткізді, деп хабарлайды dimashnews.

«Казахстан! Казахстан!»: как поклонники Димаша встретили родителей артиста в Мексике
Фото: Dimashnews

Ертең, 11 қарашада, Мексиканың Мерида қаласында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы Латын Америкасындағы алғашқы концерті өтеді. Көптен күткен концерт қарсаңында қазақстандық әншінің әлемнің әр түкпірінен келген жанкүйерлері Қазақстан мен Мексика мәдениетін ұштастырған дәстүрлі концерт алдындағы кездесуде (pre-party) бас қосты.Dears Península de Yucatán фан-клубы ұйымдастырған мерекелік кездесу 10 қарашада El Conquistador қонақүйінде өтті. Кештің құрметті қонақтары қатарында әншінің ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мексикадағы елшілігінің кеңесшісі Ерлан Құбашев болды.

«Казахстан! Казахстан!»: как поклонники Димаша встретили родителей артиста в Мексике
Фото: Dimashnews

Кеш бағдарламасы музыка, достық және мәдени алмасу тақырыптарына арналды. Қонақтар Юкатан түбегінің дәстүрлерімен танысып, «Майя жауынгерлерінің» өнерін, Carlos Acereto балет ұжымы орындаған ұлттық харана биін тамашалады. Сондай-ақ қонақтар жергілікті музыканттардың орындауында Мексиканың танымал әндерін, соның ішінде әйгілі «Bésame Mucho» туындысын тыңдады.

Бағдарламада Қазақстан мен Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған бөлімге ерекше орын берілді. Қонақтарға өнерпаздың туған елі туралы бейнетаныстырылым ұсынылып, жиналған қауым бірауыздан «Қазақстан! Қазақстан!» деп ұрандатты.

Кездесуді мексикалық танымал блогер Лео Кантро (Leo Cantro) жүргізді. Ол бірнеше жылдан бері испантілді аудиторияны Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен таныстырып, әншінің өнеріне қатысты әсерлері мен пікірлерін жариялап келеді. Сонымен қатар өнерпаздың жаңа музыкалық туындылары мен гастрольдік сапарлары туралы ақпарат таратып, сұхбаттарын испан тіліне аударады.

«Казахстан! Казахстан!»: как поклонники Димаша встретили родителей артиста в Мексике
Фото: Dimashnews

Лео Кантроның Димаштың ата-анасымен кездесуі кештің ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Қанат, Светлана Айтбаевтармен сұхбаттасу барысында блогер толқынысын жасыра алмай, көзіне жас алды.

Өнерпаздың ата-анасының ән орындауы қонақтарға ерекше тарту болды. Қанат Айтбаевтың гитарамен сүйемелдеуімен олар қазақтың «Мерекем сен» әнін шырқады.

Димаштың мексикалық жанкүйерлері «Қазақстан!» деп ұрандатты
Фото: Dimashnews

Мексикалық гитараның үнімен әуелеген қазақ әні мерекелік кештің өзегіне айналған екі мәдениет арасындағы үндестіктің символдық көрінісі болды.

Жанкүйерлер де қазақ тілінде ән айтып, мерекелік ойын-сауық шараларына, жүлделер ұтысына және ортақ фотосессияға қатысты. Ән мен биге ұласқан кеш Димаш шығармашылығының ұлты, тілі мен мәдениеті әртүрлі адамдарды да ортақ арнаға біріктіретінін тағы бір мәрте көрсетті.

11 қарашада жанкүйерлер Foro GNP Seguros аренасында өтетін Димаш Құдайбергеннің концертінде қайта бас қосады. Бұл концерт DIMENSIONS әлемдік турының Латын Америкасындағы кезеңін ашады.

Осыған дейін Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болғанын жазғанбыз.