Димаштың «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасының түсірілімі басталды
АСТАНА.KAZINFORM – Әнші Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасының түсірілімдері Түркістан облысынан басталды. Жобаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан орындаушылар қатысып жатыр.
Музыкалық жобаның қатысушылары Түркістан қаласына пойызбен келді. Түсірілім барысында олар өңірдің басты туристік және мәдени нысандарын аралап, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени кешені, көне Отырар қалашығы, Karavansaray туристік кешені және этноауылда болады.

Қатысушылардың кәсіби деңгейін арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар бағалайды.
Түркістан облысындағы түсірілім аяқталған соң, музыкалық шоуға қатысушылар еліміздің басқа өңірлерінде шығармашылық сапарларын жалғастырады. Халықаралық жоба Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарын, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларын қамтиды. Шоудың финалы Қазақстан астанасында өтеді.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген «Voice Beyond Horizon» жобасын Қытайдың Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесе жүзеге асырып жатыр. Күн сайын аталған арна мен Mango TV цифрлық платформасының аудиториясы 210 миллионнан аса көрерменді қамтиды. Осы арқылы Қазақстанның туристік әлеуетін әлемнің миллиондаған көрермені тамашалайды.
Жоба ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының, сондай-ақ өңірлер әкімдіктерінің ұйымдастырушылық қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Бұған дейін Димаш Құдайберген 8 және 10 қазанда Мехикода концерті өтетіні туралы хабарлаған болатын.