Димаштың жанкүйерлерін оқыған сыныбы, отырған партасы, сабақ үлгерімі қызықтырды – ұстазы
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әнші Димаш Құдайберген 31 жасқа толды. Ақтөбеде туып-өскен әнші әлем жұлдызына айналып үлгерді. Оны алғашқы ұстаздары мен жанкүйерлері жан-жақтан құттықтап, жылы лебізін арнап жатыр.

Димаш Құдайберген 1994 жылдың 24-мамыры күні өмірге келді. Ол Қанат және Светлана Құдайбергеновтер отбасының тұңғышы. Тұңғыш бала ата-әжесі Құдайберген мен Миуа Айтбаевтардың бауырында өсті. Ақтөбедегі №32 мектеп гимназиясында білім алып, осы мектепте 9-сыныпты аяқтады. Алғашқы ұстазы – Клара Қажғалиева. Әншінің туған күнінде ұстазды өз лебізін білдіріп, мектептегі фотосын жариялады.
– Деннің саулығын, отбасыңның амандығын тілеймін. Әлемді әнмен тербеп, жүрегіңнің жылуымен барша жанды қуантып, елді бірлікке үндеп жүрген жансың. Әрбір шырқаған әнің барша жанның жүрегінен орын алсын. Сіздің де ойлаған арман-мақсаттарыңыз орындалсын, - деп жазды ұстазы. Әнші Димаш Құдайберген де өз ризашылығын білдірген.


Атап өтейік, Клара Қажғалиева әлі күнге дейін №32 мектеп гимназияда бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Шетелден, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерімен кездесіп, оларға шәкірті жайлы қызықты деректер айтудан жалыққан емес. Ол өз естеліктерінде Kazinform тілшісінің Димаш Құдайбергеннің сабақты әндетіп айтатынын, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін сүйіп оқитынын айтып берді.
– Димаш жаттауды әндетіп айтып беретін. Үзіліс кезінде де дирижер секілді қолын сермеп, әндетіп жүрді. Ал Әліппемен қоштасу кезінде Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін фортепианода орындап берді. Ол мектепке дейін-ақ күйсандықта ойнаған. Сонымен бірге бастауышпен қоштасу концертінде «Ақ көгершін» әнін де айтып берді. Қытайдағы конкурсына бейнетаспаның көшірмесін бердім. Кейін Қытайдан келген тілшілер келіп, түсіріп, қажетті материалдарын жинап алды. Димаш бастауышты үздік оқыған оқушы. Сабақтан мүлде қалмады. Қатарластарымен дос, тату болды, үнемі көңілді жүрді. Ата-аналар жиналысына атасы мен әжесі қатар келіп отырды. Атасы Құдайберген Раушан мен Мансұр оқыған кезде де мені көрсе келіп, амандасып, іздеп тұратын, батасын беретін, - деді Клара Қажғалиева.

Оның айтуынша, Димашпен мектепке келмес бұрын-ақ танысқан. Ол кезде мектеп әкімшілігі 1 сыныпқа қабылданатын оқушылардың тізімін мұғалімге беріп, кейін мұғалім үй-үйді аралап, танысатын. Сол танысу кеші Ақтөбе қаласындағы Черепанов көшесінде болды.
– Димаш тұратын үйге бардым.Ата-әжесі немересін оқыту үшін ауылдан қалаға көшіп келген екен. Үйінде бала көп болды. Димашты шақырды. Бойы ұзын болды. Шаш үлгісі де ерекше еді. Димаш Құдайберген оқыған сынып өте алғыр, білімді. Әрқайсысы әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Қазір өзім сол мектепте жұмыс істеймін. Шәкіртімнің жанкүйерлері келсе, күтіп алып, қызықтырған сұрақтарына жауап беремін. Оларды оқыған сыныбы, отырған партасы, достарымен қарым-қатынасы, сабақ үлгісі қызықтырды. Мектепте музей бар. Онда фотосуреттері мен оқу үлгерімі жазылған журналы тұр. Сонымен бірге қабырғады фотосы ілулі, - деді ұстазы.

Клара Қажғалиеваның айтуынша, Димаш табандылығының арқасында бүгінгі белеске көтерілді. Мектеп жасына дейін түрлі конкурстарға қатысты, мектеп кезінде де вокалдан сабақ алды, еңбектенді.

Ал таяуда әншінің «Тау ішінде» әніне жариялаған челленджіне Клара Қажғалиева оқушылармен бірге қатысып, әлеуметтік желіде қаралымы миллионнан асты.
– Димаш челлендж жариялаған кезде Ақтөбеден қатысып жатқан адамдарды көрмедік. Содан соң өзім алғаш боп бастадым. Қазіргі 1 сыныпқа сабақ беретін болған соң билейтін бала таппай, Шамшырақ атты оқушыма айттым. Ол жанына биші қызды ертіп келіп, төрт баламен түсірдік. Әлеуметтік желіге өздері жариялап, миллион қаралым жинады. Кейін ақтөбеліктер қолдап кетті. Шетелдік жанкүйерлері көп қолдау білдіріп жатыр. Алматыда жанкүйерлері кездесу өткізіп, Ақтөбеге келуі мүмкін. Мұнда мектепке келеді. Маған да алдын ала хабарын беріп қояды, - деді ұстазы.

Айта кетейік, Димашқа вокалдан сабақ берген - Марат Әйтімов. Ол А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжде дәріс береді. Ол да шәкіртінің фанаттарын үнемі құшақ жая қарсы алады. Ол кездесуде бар сырын ашпағанымен, әншінің басынан кешкен қызықты оқиғаларымен бөліседі. Ал фортепианоны Дина Ниязова үйретті.