17:17, 12 Шілде 2022 | GMT +5
Димаштың жанкүйерлері су тасқынынан зардап шеккен бразилиялықтарға көмектесті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Димаш Құдайбергеннің фан-клубы Бразилияда су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға азық-түлік таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews-ке сілтеме жасап.
Димаш Құдайбергеннің Бразилиядағы фан-клубы су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету үшін маусым айында қайырымдылық акциясын бастаған. Олар бір апта ішінде 1 450 реал (130 500 теңге) жинап, азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі құралдар сатып алады.
3 шілдеде фан-клуб мүшелері Ясмим Габриэлли мен зорая Альвес Пернамбуку штатының Игарасу қаласындағы 26 отбасына көмек себеттерін тапсырды. Әншінің жанкүйерлері мұқтаж жандарға қамқорлық жасау бұдан былай да жалғасатынын айтады.
Айта кетейік, Бразилияда су тасқыны мен көшкін салдарынан 106 адам қаза тапқан болатын.